Бір жабылып, бір ашылған педиатрия
Ресми мәліметтерге сүйенсек, биылғы жылдың 1 шілдесіне дейінгі көрсеткіш бойынша халық саны – 18 миллион 350 мың. Мұның 30 пайызы – балалар. Яғни, еліміздегі балалар саны 6 миллионға жуықтайды. Медицина саласының мамандары дүниежүзінде 14 мыңнан астам балалар ауруларының түрлері кездесетінін айтады. Осы тұста, бала денсаулығына жауапты педиатр мамандарының маңызы айтпаса да түсінікті. Бірақ, біздегі Денсаулық сақтау министрлігі 2007 жылы еліміздің 6 жоғары оқу орындарындағы педиатрия факультеттерін жауып тастады.
Ұлттық ғылым академиясының академигі Камал Ормантаев: «Осыдан 10 жыл бұрын еліміз бойынша медицинилық білім саласында педиатрия факультеттерінің жаппай жабылуына әкелген реформасымақ жүргізілді. Әрине, заман ағымына сай жүйелі түрде реформа жүргізілуі қажет-ақ, бірақ алдымен кез келген жаңа жүйе сала мамандары, сарапшылар және ел тұрғындарымен талқыланып, жан-жақты талдау жасалып барып қабылдануы шарт. Алайда сол уақытта Денсаулық сақтау министрлігін қаржыгер басқарды да, медицина саласы педиатр маман даярлаудан шеттетілді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін біз бірнеше мәрте билік өкілдеріне өтініш жасадық, талай ресми есіктердің табалдырығын тоздырдық. Сол уақытта, кейбір қоғам белсенділері – денсаулық сақтау саласының ұйымдастырушылары «педиатрдың орнына, отбасы дәрігерлері қызмет көрсететін болады» дегенді алға тартып, талай рет жолымызды кесті. Бір дәрігер медицинаның барлық саласын меңгеріп кетуі әсте мүмкін емес» деген болатын.
Бізден бөлек, Украина мен Қырғызстан да жоғары оқу орындарында педиатрия мамандығын жапты. Бұл түсініксіз құбылыс Болон конвенциясы аясында жүзеге асырылуда деп түсіндірілді. Мұнда педиатр мамандарды даярлау хақында еш мәлімет болмаған-мыс. Дей тұрғанмен, айналасы екі жылдың ішінде осы мемлекеттер өз қателігін түсініп, бұрынғы жүйеге қайта көшті. Бүгінде барлық дерлік ТМД елдерінің медициналық жоғары оқу орындарында педиатр факультеттері жұмыс істейді. Санкт-Петербор мен Ташкентте тіпті жеке педиатрия медицина институты бар. Өйткені бір педиатрия 20-дан астам мамандардың басын біріктіреді. Атап айтсақ, неонатолог, балалар инфекционисті, балалар хирургі, балалардың анестезиолог-реанимотологы және тағысын тағылары.
Мемлекет басшысының бастамасы мен сала жетекшілерінің жан-жақты зерттеуінің нәтижесінде биыл педиатрия факультеті қайтадан ашылып, бір ғана білім ордасы – С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті түлектер қабылдады. Өйткені мемлекет тарапынан тек Ұлттық медицина университетіне 150 білім гранты бөлінген екен. ЖОО өкілдері «Педиатрия факультетіне биыл 150 абитурент қабылданды. Құжат тапсыру жұмыстары әлі де жалғасуда. Өйткені ақылы бөлімге тапсырып жатқан түлектер де бар» дейді.
Бұрын педиатрия факультеті жұмыс істеп тұрған шақта бұл ЖОО-ға жылына үш жүзге жуық студент қабылданып, оның 250-і оқуын аяқтап, бірден жұмысқа араласып отырған. Еліміздің өзге ЖОО-дағы жағдай да осыған ұқсас. Бүгінде педиатр мамандардың жетіспеушілігі күн тәртібіне шыққалы қашан?! Мәселен, Балқаш ауданында бүкіл аймаққа бір ғана балалар неонатологы жұмыс істейді. Алматы қаласында да бұл мамандардың саны екі-үш есеге азайған. Не істемек керек?
Балалар хирургі Камал Ормантаев осы сала мамандарын тиімді әрі тезірек оқыту үшін оқу бағдарламасының дұрыс бағыттағы жүйесін жетілдіру керектігін айтады. «Жаңа жобаларды талқылап отыратын уақыт жоқ, жылдам әрекет керек. Ресей, Белоруссия, Украинадағы дәрігер-педиатрларды даярлау бағдарламасын зерттеп, зерделеуді ұсынамын. Олардың қай пәнді қанша сағаттан оқитынын қарайық. Бұдан бөлек, алғашқы екі жыл бойы студенттерді 1 қаңтардан бастап қабылдай беруіміз қажет. Олар оқу бітіремін дегенше, емханаларда педиатр мамандар мүлдем қалмайды. Енді тектен-тек уақыт жоғалтып алмағанымыз аса маңызды» дейді дәрігер.
Бүгінгі жүйеге сәйкес, ЖОО-да педиатр болу үшін 9 жыл, бала хирургі мамандығын алу керек болса, 10-11 жыл оқуың қажет. Студент жеті жыл университет қабырғасында білім алғаннан кейін, резидентураға түсуі шарт. Жеті жылдық біліміңді дәлелдейтін диплом алғаныңмен, резидентураны бітірмесең, дәрігер есебінде қызмет ете алмайсың. Бұл жүйенің де өз артықшылықтары бар шығар. Дей тұрғанмен, медицина саласының мамандары резиденттерді қаржылай толыққанды қамтамасыз ете алсақ, осы жүйеде білім беруді жалғастыруға болатынын алға тартады. Мәселен, дамыған шет мемлекеттерде резидент мамандардың айлығы айына – 2000-3000 АҚШ доллары. Біздің мемлекетте дәрігерлерге мұндай жалақы төленбейтіні анық. 60 мың теңге айлыққа бола, екінің бірі оқуға жұмсалған жеті жылдық маңдай терден кейін тағы екі-үш жыл резидентура оқуға бара бермейді. Олар интернатураны (7 жыл) аяқтап, отбасы дәрігері болып қызмет істей береді. Өйткені ұтымдысы – осы. Осы орайда, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Камал Ормантаев: «ЖОО-дағы медицина мамандары 6 жыл бойы –
жалпы пәндерді, жетінші жыл мамандығына сәйкес сабақтарды оқып, тәмамдағаннан кейін бірден жұмысқа араласа алуы керек. Резидентураға келер болсақ, әрбір дәрігерде бұл бағытты таңдау еркіндігі болуы тиіс» дейді.
Тобықтай түйін
Білім саласындағы түрлі сәтсіз реформалардың бірі – педиатр мамандығының жабылуы еді. Осы олқылықтың орнын толтырып, педиатрия факультетін қайта жандандыру үшін бізге 10 жыл уақыт қажет болды. Ендігі кезекте, академик Камал Ормантаев атап өткен осы мамандықтағы білім беру жүйесін оңтайландыру кезек күттірмейтін мәселе екені айдан анық. Десек те, бұл түйткілдің түйінін тарқатуға қанша уақыт кететіні әлі де белгісіз. Олай болған жағдайда, педиатрия мамандығы ашылғанымен, болашағы жарқын деп айту әлі ерте болса керек.
Айдана НҰРМҰХАН
«Айқын» газеті
Ключевые слова:
https://news kaznmu edu kz/kaz/бір-жабылып-бір-ашылған-педиатрия/