Димаш Құдайберген тағы бір атаққа ие болды

Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген ҚазҰМУ-дың Құрметті профессоры атанды. Бұл туралы ақпарат жоғарғы оқу орнының Instagram-дағы парақшасында жарияланды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Кездесуде Димаш ең алдымен адамның бойындағы рухани байлығын бағалайтынын атап өткен.
«Талант пен кәсіби қабілет одан кейінгі нәрсе. Егер ішкі негіз болмаса, қандай жетістікке жетсең де, оның салмағы сезілмейді», – деді ол.
Сондай-ақ әнші ҚазҰМУ студенттеріне арнаған сөзінде медицина мамандығының күрделі әрі жауапты қызмет екенін айтып, нағыз жұлдыздар деп дәрігерлерді атаған.
«Сіздер өте қиын әрі жауапты жолды таңдадыңыздар. Медицина – қателікті кешірмейтін сала. Бұл үздіксіз ізденісті, өз-өзіңе талап қоя білуді қажет етеді. Меніңше, нағыз жұлдыздар – дәрігерлер. Олар күн сайын адам өмірін сақтап қалады», – деді халық әртісі.
Кездесу барысында Димаш Құдайбергенге ҚазҰМУ-дың Құрметті профессоры атағы табысталған.
Бұл атақ оған мәдениетті дамытуға, жастардың рухани тәрбиесіне қосқан үлесі және Қазақстанның халықаралық имиджін ілгерілетудегі еңбегі үшін берілген.
Естеріңізге сала кетейік, жақында Димаш Құдайберген БҰҰ-ның жаһандық ізгі ниет елшісі болып тағайындалған еді.


