Дәрігер маманды ауылға қалай тартамыз?
Бұл күндері Мәжіліс депутаттарының өңірлердегі жұмыс сапары жалғасып жатқаны белгілі. Жер-жерлердегі кездесулерде көтерілген мәселелер айтылған жерінде қалмай, халық қалаулылары арқылы құзырлы мекемелердің құлағына жетсе, құба-құп.
Парламент Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде дәрігерлермен кездесіп, алдымен МӘМС жүйесінің тиімділігі мен медициналық көмектің сапасын көтеру қажеттігін, оның ішінде МӘМС пен ТМККК саралаудың маңыздылығын тілге тиек етті.
«Медициналық қызметтердің қолжетімділігін «қазір және осында» қағидаты бойынша қамтамасыз ету қажет. Сондықтан бұрын жоспарланған ай сайынғы қаржыландырудан бас тартып, нақты көрсетілген қызметтің ақысын төлеуге көшуді қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ дәрігерлер арасында түсінбеушілік пен қаржы ресурстары шығынына жол бермеу үшін МӘМС пен ТМККК пакеттері есебінен көрсетілетін медициналық қызмет түрлерін нақтылау қажет», дейді депутат.
Депутат сараптамалар мен талдаулар қаржыландыруды жоспарлауға байланысты мәселелердің бар екенін айғақтайтынын айтып отыр. Мәселен, көкейкесті сипатқа ие бағыттар бойынша (консультациялық-диагностикалық қызметтер) қаржыландырудың жетіспеушілігі байқалса, керісінше кәсіби тексерулер, скринингтер жүргізуде қаражаттың игерілмеуі қатар жүреді, сондықтан қаржыландырумен байланысты мәселелердің бір бөлігін ішкі ресурстар есебінен, атап айтқанда, ұтымды және негізді жоспарлау арқылы шешуге болады.
А.Аймағамбетов биыл күзде Мәжілісте міндетті медициналық сақтандыру жүйесі мәселелері бойынша парламенттік тыңдау өтетінін еске сала отырып: «Бүгінде денсаулық сақтау саласында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Алайда МӘМС жүйесінің тиімділігін арттыруымыз қажет. Азаматтар медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі артқанын сезінуі, түсінуі қажет, өйткені олар ақы төлеп отыр. Демек жүйеге қосымша реформа қажет», деді.
https://egemen.kz/article/345474-dariger-mamandy-auylgha-qalay-tartamyz