Дәрігерлік дәстүрлер: Алматы облысының шалғай аудандарына бесінші медикалық-психологиялық миссия
Шалғай өңірлерде кешенді медициналық және психологиялық көмек көрсету бойынша даңқты дәрігерлік дәстүрлерді жалғастыра отырып, 2025 жылдың 4-7 қарашасы аралығында Алматы облысының Кеген аудандық ауруханасына мультидисциплинарлық мамандар командасының бесінші көшпелі миссиясы өтті. Іс-шараны «С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті» (ҚазҰМУ) коммуникативтік дағдылар кафедрасы ұйымдастырды.
Бұл жолы миссия Қазақстан Республикасының түрлі жетекші жоғары оқу орындарының дәрігер-оқытушыларынан құралды.
Мультидисциплинарлық дәрігерлер бригадасы түрлі аурулармен 150-ден астам пациентті қабылдады. Миссия халық денсаулығына кешенді көзқарасқа баса назар аудара отырып, медикалық-психологиялық сипатта болды.
Көшпелі бригада құрамына ҚазҰМУ профессорлары кірді: «Эндокринология» кафедрасының профессоры, м.ғ.д., профессор Абылайұлы Жангентхан; «Коммуникативтік дағдылар» кафедрасының профессоры, психотерапевт/нейропсихиатр Багиярова Фатима Арыстанқызы; «Физикалық медицина және оңалту, спорт медицинасы» кафедрасының меңгерушісі, м.ғ.к. Избасарова Ақмарал Шаймерденқызы, сондай-ақ Туран университетінің жоғары психология мектебінің профессоры, м.ғ.д. Асимов Марат Абубакриевич және ҚРМУ педиатр дәрігері, м.ғ.к., қауымдастырылған профессор Кәрімханова Ақбота Тоқтарназынқызы.
Тәжірибе мен ғылым бірлігін сақтауға бағытталған миссия аясында медицина қызметкерлеріне арналған “Медициналық ортадағы коммуникативтік дағдылар және қақтығыстарды шешу жолдары” тақырыбында тренинг өткізілді.
Жұмыс барысында дәрігерлер заманауи технологиялармен толық жабдықталған балалар оңалту бөлімшесі мамандарының біліктілігін арттыру, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған ата-аналар мектебін құру (бұл бүгінгі күні өте өзекті шара), және шалғай аудандардың ҚР медициналық университеттерінің оқытушылар құрамымен ынтымақтастықты жалғастыру жөнінде ұсыныстар берді.
Кеген аудандық ауруханасының әкімшілігі мен аудан тұрғындары миссия қатысушыларына зор алғыстарын білдірді. К.Байкубееваның атынан осы миссияға қатысқан дәрігерлерге, сондай-ақ осы игі іске атсалысқан ҚР медициналық университеттерінің ректорларына алғыс хаттар табысталды.
Медициналық университеттер атынан Кеген аудандық ауруханасының директоры Байкубесов Қуаныш Бөлегенұлына жылы қабылдауы мен пациенттерге қамқорлығы үшін алғыс айтамыз. Кеген аудандық ауруханасының МСАК қызметінің басшысы Рашетов Анвар Пидажанұлына ұйымдастырушылық жұмысы, қолдауы, жоғары кәсібилігі және ауыл тұрғындарына көмектесуге деген ықыласы үшін ерекше, шынайы алғыс білдіреміз.













