Елімізде жыл сайын өкпе обырына шалдыққандар саны артып барады. Онкологиялық аурулар ішінде бұл дерт өлім-жітім бойынша бірінші орында тұр. Бүгін Алматыда бас қосқан дәрігерлер осылай деп дабыл қақты. Мамандардың сөзінше, ер адамдар өкпенің қатерлі ісігіне жиі шалдығады. Аурудың негізгі себептері қандай? Қатерлі ісікті емдеудің нендей тәсілдері бар?
Түркістандық Жәмила Шегебаеваға екі күн бұрын ғана операция жасалды. 72 жастағы науқасқа өкпе обыры диагнозы қойылған. Қариядан осыдан жеті жыл бұрын сүт безі қатерлі ісігі де анықталған екен. Дәрігерлердің арқасында өмірге қайта келдім дейді ол.
Жәмилә Шегебаева, Түркістан облысының тұрғыны:
Операция болды. Бір күн реанимацияда жатып, бүгін шықтым. Бұдан да жаман күндерім болды. Өкпенің 1/3 алып тастады өкпем әлі жайға түскен жоқ. Ауырады, трубкам бар.
Дәрігерлердің сөзінше, өкпе обырының бір ғана себебі жоқ. Оған түрлі фактор әсер етеді. Дегенмен індетті 80% жағдайда тудыратын негізгі себеп – шылым, яғни, 10 адам өкпе обырына душар болса, оның тоғызы міндетті түрде темекі шегеді.
Кәрібай Төлеутайұлы, медицина ғылымдарының докторы, профессор:
Оның ішінде 7000-нан астам улы заттар бар, канцерогендер бар деген сияқты, бензапирен, ол ең бірінші қауіп қатерлі фактор боп саналады. Біздің ең негізгі мақсатымыз – мектеп жасынан бастап, осы мәселемен күресуіміз керек. Жылына 30 мыңдай адам тіркеледі. Соның ішінде 22 пайызы сүт безі қатерлі ісігін құраса, 20 пайызын өкпе қатерлі ісігі құрайды.
Өкпе обыры бізде ғана емес, өркениетті елдерде де кең тарап жатыр. Әлемде әр минут сайын бір адам осы індеттен көз жұмады екен. Бүгінгі жиынға қатысқан Америкалық дәрігер дертті асқындырмай анықтауда скрининг жасаудың қажеттілігі мен маңыздылығын алға тартты.
Дэвид Янкелевиц, дәрігер:
АҚШ-та өкпенің қатерлі ісігінің скринингі 1992 жылы ғылыми жоба ретінде басталды. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, дертті төмен дозалы компьютерлік томография арқылы ерте сатысында анықтауға болады. Ісік ерте анықталса, оны толық емдеуге болады.
Дәрігерлердің дерегінше, елімізде жыл сайын 4 мыңға жуық адамға өкпе қатерлі ісігі диагнозы қойылады. Дерт таралуы жағынан екінші орында болғанымен, соңғы жылдары өлім-жітім көрсеткіші бойынша алғашқы орында тұр. Сондықтан мамандар жөтел, ентігіп, шаршау, салмақ жоғалту секілді белгілер байқалса, бірден дәрігерге қаралуға кеңес береді.
Жазира Оразқызы
Дереккөз: https://qazaqstan.tv/news/209484/