Жаңа кодекс: Скрининг. Екпе. Донорлық ереже. Дәрігерлер дипломы
Елімізде «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» жаңа кодекс күшіне енді. Парламентте екі қайтара талқыланып, бірнеше рет түзету енгізілген құжатқа президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеше қол қойды. Ал бүгін мамандар аталмыш заңға нақты қандай өзгеріс енгізілгенін түсіндірді.
Диляра Кайдарова, Онкология және радиология институтының басқарма басшысы:
– 86-ыншы бапқа өзгеріс енгізілді. Ол жерде жұмыс беруші өз қызметкерінің толық медициналық тексерістен өтуіне жағдай жасауы керек деп жазылған. Яғни, қызметкер скринингтен өтуге сұранса, 3 күнге дейін айлығы толық сақталады. Медициналық тексеріс бюджет есебінен жүргізіледі.
Құжатта екпе міндетті және ерікті деп екіге бөлінген. Бірақ, «міндетті» дегеніміз «мәжбүрлі» деген сөз емес. Ата-аналар баласына екпе салдыру-салдырмау туралы шешімді өзі қабылдайды. Алайда вакцина алмаған бүлдіршіндерді балабақшаға қабылдамауы мүмкін. Бұған қоса, енді емдеуден кейін науқаста күтпеген жерден асқыну пайда болса әрі бұл адам азғасының ерекшеліктеріне байланысты болған жағдайда дәрігер жазаланбайды. Бұған қоса, мәйіттік донорлық ережелері де өзгертілді. Марқұм көзі тірісінде дене мүшесін алуға келісім бермеген болса, оның ағзасын өзгеге салуға болмайды. Ондай келісім болмаған жағдайда, марқұмның жақындарынан жазбаша рұқсат болуы шарт. Тағы бір айта кетерлігі, енді дәрігерлер отандық дипломмен шетелде де жұмыс істей алады.
Талғат Нұрғожин, Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры:
– Біздің университеттің өзі халықаралық бағдарламалармен бір жүйеде жұмыс істейді. Сондықтан енді дәрігерлер қайта сертификаттаудан өтіп, отандық дипломмен әлемнің кез келген елінде де қызмет етуге лицензия ала алады.
Толығырақ: https://www.ktk.kz/kz/news/video/2020/07/08/153276/