Испания – планетаға арналған қуат
Осындай атаумен 2017 жылдың 17 маусымында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінде Испанияның Ұлттық күні аталып өтті.
Шара барысында Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды.
«Бүгін біз денсаулық сақтау саласындағы үздік компаниялардың бірі «EUROFINSA S.A.» компаниясымен меморандумға қол қойдық. Біздің серіктестеріміз Қазақстандағы мемлекет-жекеменшік әріптестігіне ат салысуға ынталы. Дәлірек айтсақ, заманауи клиникалар салу, технология алмасу, медициналық нысандар құрылысынан бастап, құрал-жабдық жеткізу мен оның одан әрі қолданылуына дейін айналысатын болады. Қазір біз шетелдік инвесторларға арнап жобалардың топтамасын әзірлеудеміз. Бұл Алматы мен Астана қалаларында студенттік клиникалар салу мен аудандарда инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру», дейді Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой.
«Біз меморандумдарға қол қойылғандығына өте қуаныштымыз. Бұл арқылы Қазақстанмен санитарлық қызмет саласында серіктестіктің негізі қалануда деп есептеймін. Бізде әлем бойынша 30 шақты жобамыз бар. Бүгіннен бастап Қазақстанмен серіктестіктің басталғанына дән ризамыз. Біздің компанияның денсаулық сақтау саласында жинаған тәжірибесі мол. Сондықтан бар білгенімізбен Қазақстанда бөліскіміз келеді. Соңғы 5 жыл ішінде 2 миллиард АҚШ долларын түрлі маңызды жобаларға инвестицияладық», дейді «EUROFINSA» компаниясының өңірлік директоры Игнасио Касановас.
2017 жылғы 15 шілдеде Астанада Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов және Испания Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Педро Хосе Санс Серрано Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Испания Корольдігінің үкіметі арасындағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісімге қол қойды.
Сонымен қатар, шара барысында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен «EUROFINSA» компаниясы арасындағы Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылым мен мемлекет-жекеменшік әріптестігін дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Бүгіннен бастап Қазақстан Испаниямен авиация саласында да серіктес атанды. «Қазақстандағы авиациялық индустрия» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Сырымбек Сәдуақасов және «Airbus Defense and Space» компаниясының әскери ұшақтарды сату бойынша басшысы Оскар Алонсо Ромеро «Қазақстандық авиациялық индустрия» ЖШС және «Airbus Defense and Space» компаниясы арасындағы техникалық қолдау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Тағы бір жағымды жаңалық, «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Айдарбек Қожаназаров және «IMASA» компаниясының халықаралық директоры Луис Госнего «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен «IMASA» компаниясы арасындағы Астана қаласында модульді құрылымдарды пайдаланатын зауытты құру жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Екі елдің өкілдері бірлесіп ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аумағында орналасқан Испания Корольдігінің павильонын тамашалады. Шара соңында қонақтар естелік суретке түсіп, көрме туралы жылы лебіздерімен бөлісті.
Айгүл ШЕРНИЯЗ, «Егемен Қазақстан»
Толығырақ: https://egemen.kz/article/ispaniya-%E2%80%93-planetagha-arnalghan-quat