КазҰМУ-да Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының өкілдерімен Шағын бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті
2026 жылғы 2 ақпанда С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының өкілдері қатысқан Бос жұмыс орындарының шағын жәрмеңкесі өтті.
Іс-шараға Қостанай облысынан – 16 адам, Солтүстік Қазақстан облысынан – 10 адам қатысып, олардың қатарында өңірлік денсаулық сақтау басқармаларының басшылары мен медициналық ұйымдардың бас дәрігерлері болды.
Қостанай облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Баязитов Еркебұлан Сағитдинұлы, ал Солтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Амрин Сәкен Өмерсерекұлы мазмұнды әрі әсерлі баяндамалар жасады. Олар өз сөздерінде өңірлердегі кадрлық қажеттілік, қолжетімді бос жұмыс орындары, сондай-ақ жас мамандарға арналған еңбек жағдайлары мен әлеуметтік қолдау шаралары туралы кеңінен баяндады.
Медициналық ұйымдардың бас дәрігерлері жұмыс шарттары, кәсіби өсу мүмкіндіктері, тәлімгерлік жүйесі және жас мамандардың өңірлерге бейімделуі жөнінде нақты ақпарат ұсынды.
Іс-шараның маңызын арттырған ерекше жайт – КазҰМУ-дың өткен жылдардағы түлектері де қатыыты. Бүгінде олар өңірлік денсаулық сақтау жүйесінде басшылық лауазымдарда еңбек етуде. Атап айтқанда:
- Айманов Нұрлан Бағдаулетұлы, 2007 жылғы түлек – КМК «Көпбейінді облыстық аурухана» ШЖҚ бас директоры;
- Абуов Нұрали Ералиұлы, 2007 жылғы түлек – №2 қалалық емхананың директор міндетін атқарушысы;
- Амангелді Наурызбай Пархатұлы, 2016 жылғы түлек – «Арқалық өңірлік ауруханасы» КМК директоры.
Кездесу барысында жас мамандарды әлеуметтік қолдау мәселелері, оның ішінде тұрғын үймен қамтамасыз ету, көтерме жәрдемақылар, сондай-ақ өңірлердің климаттық ерекшеліктері, тұрмыс жағдайлары және Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарының тарихи-мәдени нысандары туралы ақпараттар талқыланды.
Бос жұмыс орындары шағын жәрмеңкесі жұмыс берушілер мен болашақ түлектер арасындағы ашық әрі тиімді диалог алаңына айналып, студенттерге өңірлердегі еңбек ету мүмкіндіктері туралы жан-жақты мәлімет алуға мүмкіндік берді.
ҚазҰМУ алдағы уақытта да түлектерді жұмыспен қамтуға және өңірлермен өзара ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған осындай іс-шараларды жалғастырады.



















