Камал Ормантаев: арманым – Қазақстанда бала емдеу факультетін қайта ашу
Елімізде ана мен бала өлімі 84,6 пайызға төмендеді. Ал, әлем бойынша бұл көрсеткіш соңғы 25 жылдың ішінде 2 есеге азайған. Мұндай мәліметтер Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының баяндамасында жазылған екен. Бірақ тәуелсіз сарапшылар да ана мен бала өлімінің «көлеңкеде қалған көрсеткіштері де бар» деп дабыл қағып отырғандары жасырын емес. Немістер айтпақшы, «Қазақтың гаухары», елімізде 13 мыңнан аса сәби өмірін ажал тырнағынан құтқарған балалар хирургиясының маршалы, 2000, 2001 жылдары жыл дәрігері номинациясы бойынша «Алтын адам» сыйлығының иегері, «Парасат» орденімен марапатталған, ірі ғалым, медицина ғылымдарының докторы Камал Сәруәрұлы Ормантаевпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Алдыңыздағы бауырларыңыз шетінеп, тоқтамапты. Әкеңіз «артымда ұрпақ қалмай ма, ұл болмай ма?» деп қайғы жұтқан екен…
– Мен үш ұл, үш қыздан кейін дүниеге келдім. Ата-анам мәпелеп, бетімнен қақпай өсірді. Ол кісілер колхозшы еді, төртінші класта мені атқа отырғызды. Қызылорда облысындағы Қорқыт стансасынан он бес шақырым жердегі шағын ауылда дүниеге келіппін. Аштықтың ауыр жылдары ешкімді аямады. Халық бір үзім нанға зәру болды.Алдымдағы бауырларым шетіней беріпті. Қазақ не көрмеді дейсіз? Халқымыздың өміршеңдігі ме, әлде қайсарлығы ма, әйтеуір, біздің қазақты қолдайтын бір тылсым күш бар секілді! Анам маған аяғы ауыр кезде нәрестемнен тағы көз жазып қалам ба деп қорқып жүрсе керек. Ауыл-аймаққа әйгілі құмалақшы келіп, анама: «ұл туасың, атын Камал ғой. Содан кейінгі ұлдың атын Самал ғой», – депті. Құмалақшының айтқаны айдай келіпті. 1936 жылы өмірге мен, біраз жылдан кейін інім дүниеге келді. Әкем екінші әйел алған соң, анам бізді ертіп, Қармақшыға көшеді. Әкеміз мал ұстады және бізге азық-түлікпен қарасты. Кіші шешемнен Мейрамгүл, Мәриямгүл, Қалдыгүл атты үш бірдей қызды болды. Анам ақылды, жүрегі дархан еді. Сол қарындастарымызға бізді бауыр етіп тәрбиеледі. Алайда кіші шешеміздің өмірі қысқа болды. Анам үш қызды кісі есігіне қаратпай, қамқорлығына алды. Кенжеміз Қалдыгүл омырауда. Әлі таңғаламын, сол кезде жасы елуден асқан анам оны бауырына алғанда, аналық мейірімі оянып, омырауынан сүт ағады. 1942 жылы әкем майданға аттанып, Сталинград түбіндегі шайқаста контузиядан елге оралды. Біз соғысты көрмедік. Салқыны балалықтан ерте айырып, ерте есейтті. Есімде, мектепке баратын жылы анам шүберектен кітап салатын қалта тікті. Қарным ашқанда жейтін наным сол қалтада. Әуелгіде балаларға ілесіп, сабаққа онша көңіл қоймадым. Тіпті сабаққа бармай тек нанды жеп үйге қайтатынбыз. Бірде мұғалім әкеме сабаққа қатыса бермейтінімді, үлгерімімнің төмендігін айтыпты. Әкем: «Балам, бұлай жүргенің болмайды. Оқып, білім алуың керек», – деп бақылауына алды. Содан мен де тырысып, үздік оқушылар қатарына қосылдым.
– Сізге немістер «Қазақтың гаухары» деп ат қойыпты. Дәрігерлік жолға қалай келдіңіз?
– Әкем соғыстан келген соң, дәрігер бол деді. Ол кезде дәрігерлер соғысқа қатыспайтын, соны ойлаған болуы керек. Ал, екінші сөзі үш апам мен үш ағам шетінеп кеткен соң, ол кезде дәрігерлер жетіспегеннен кейін, соны да ойлаған болуы керек. Сондықтан 1953 жылы медициналық иниституттың педиатриялық факультетіне оқуға түстім. Оқуымды алты жыл оқып бітіріп, екі жыл ординатураны, аспирантураны тәмәмдадым. Кейін Мәскеуде медицина академиясында докторантураны бітірдім. Бізде ғылым мен практика бірге жүрді. «Екі өкпенің шіруіне байланысты хирургиялық емдеу» тақырыбында Мәскеуде 35 жасымда докторлық диссертация қорғадым. Осы уақытқа дейін 13 мыңнан аса операция жасаппын. 13 жыл Педиатрия институтының директоры болдым. Студент кезімнен ғылыммен айналыстым. Ғалымдар күні-түні еңбек етуі тиіс.
– «Дәрігер қолынан қайтыс бопты» дегенді естиміз кейде. Қазір медицина саласындағы білім беруге көңіліңіз тола ма?
– Медицина өте қиын мамандық, біз Совет үкіметі кезінде алты жыл оқып, дәрігер болсақ, қазір 9-10 жыл оқиды. Кейбір шенеуніктер жақсы дәрігер болу үшін шет елде білім алуы керек деп қызығушылық танытады. Қазір ТМД елдерінде Кеңес үкіметіндегідей 6 жыл оқып, дәрігерлікке қол жеткізіп жатыр. Ал, бізде еуропалықтар сияқты 9-10 жыл оқиды, бірақ бұрынғыдай жақсы дәрігер шығуы неғайбыл! Барлық ауруларды көпшілік жағдайда жанұялық дәрігер емдейді, оның сапасы төмен болғандықтан, мен оған қосылмаймын. Адамзатта 14 мың ауру болса, ал жанұялық дәрігер оның бәрін білу мүмкін емес қой?!
– Бірнеше жыл бұрын педиатрия факультеті жабылды. Бұл мәселе туралы ойыңызды білгім келеді?
– Педиатрия факультетінің жабылуына қарсы болғанмын, бірақ менің «арманымды» тыңдайтын құлақтың болмай тұрғаны, ал Қазақстанда балалардың өлімі жоғарлағанда басын көтерген шенеуніктер кешігіп қалады-ау деп қамығамын! Бұл шетелден келген тәжірибе дейді. Ешкіммен ақылдасқан, тыңдаған жоқ. ТМД елдері бойынша педиатрия факультеті бізде ғана жоқ. Ресей жапқан жоқ. Украина жауып, екі жылдан кейін қайта ашты. Белоруссияда солай. Олар балалар дәрігеріне үлкен құрметпен қарайды. Ал біздегі басшылар балаларына жақсы педиатр таба ма, әлде шетелге апарып емдете ме білмеймін, әйтеуір мәселенің байыбына барар емес. Ал, халық педиатрия факультетін қайта ашу керек деп есептейді! Оның үстіне балалар арасында асқынған аурулар көп. Педиатрлардың көбі қартайған. Жас педиатрлар жоққа тән. Өмірге жаңа келген, әлі нервтік жүйесі дамымаған баланы, ананың өзі қолына ұстауға жүрексінеді. Міне, осы кезде баланың ағзасын толыққанды білетін педиатр ғана керек. Бізде бірнеше медициналық оқу орны бар. Тым болмаса Педиатрия факультетін С.Асфендияров атындағы медициналық университетте қайта ашып, 150-200 студентті педиатр ретінде оқытса ғой деймін! Америкада бес рет болдым. Сан-Франциско қаласындағы балалар емханасына бардым. Бір жасар бала шырылдап жылауда. Қай жері ауырғаны айта алмайды, әлі тіл жоқ. Қарап тұрмын, дәрігерлер әп-сәтте үш жағынан үш түрлі құрал арқылы диагнозын анықтады. Міне, дамығандық. Құрал бар, айта алады диагнозды. Бұрын педиатрлар бәрін білетін. Қазір тілі шықпаған сәби жыласа кім оны анықтайды, кім тексереді? Оған диагноз қою үшін белгілі құрал және білімді педиатр керек. «Әлемнің балалар докторы» атанған Леонид Рошаль «баланы тек қана педиатр емдеу керек» дегені қашанда есімде. Елімізге жаңа медициналық құралдар ептеп келіп жатыр. Бірақ бәрібір жетпейді. Ал, отбасылық дәрігерлер қажет болса да, көбейгеннен пайда жоқ. Мүмкін адамы аз бір дәрігері мен мейірбикесі бар ауылдық жерлерге отбасылық дәрігер керек болар?! Ал аудандық, қалалық емханаларда білікті педиатр мамандар отыру қажет! Ойлаңызшы, бір дәрігер бар ауруды қалай біледі? Дүние жүзінде 14 мың ауру бар. Жаңа туған шарананың ағзасы өзгеше. Психикасы да ерекше. Баланың іш құрылысы жүздеген себеп бойынша ауырады. Педиатр ғана анықтайды. Балаларға салынатын екпенің де түрі көп. Екпе көп аурудан құтқарады. Бірақ екпені жасау ережесі болады, отбасылық дәрігер соның бәрін біле бермейді. Еуропа елдерінде отбасылық дәрігерлердің көп болуының себебі, оларда жас балалар халық санының 10 пайызын ғана құрайды. Ал, бізде 30 пайызды құрайды.
– Қазір педиатрлар қит етсе, антибиотик тағайындауға әзір тұрады. Осы қаншалықты дұрыс?
– Әрине, жақсы емес! Дәрігер баланың жағдайына, диагнозына қарай антибиотикті тағайындауы керек. Мысалы, бір дәрігерге барсаң, ол 5-7 дәрі береді. 3-4 дәрігерге барсаң, 15-20 дәрі жазып беруі мүмкін. Оның бәрін ішу мүмкін емес. Дәрі химиялық у емес пе? Ол бір органға жеткенше, барлық органды аралайды. Сондықтан дәріні көп ішкен дұрыс емес. Бірақ дәрісіз емделмейтін аурулар бар, қант диабеті, бронх демікпесі, жүрек-қан тамырлар жүйесі аурулары және т. б. Қазір кейбір дәрігерлер бір дәрі мен екінші дәрінің үйлесімін біле бермейді.
– Естуімізше, медициналық жоғары оқу орындарына енгізілген өзгеріс еуропалық білім беру стандартына сәйкес келеді екен. Дұрыс-ақ! Бірақ халқымызды еуропалықтарымен салыстырған қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз?
– Түсінбеймін, біз неге халқы көп, экономикасы дамыған шетелді үлгі тұтамыз? Бізді еуропалықтармен салыстыруға болмайды. Олардың ауылы қалаға бірігіп кеткен. Жерлері құнарлы. Мәдениеті, материалдық деңгейі біздің елдің қарапайым халқына қарағанда едәуір жоғары. Олар жоспарлап тұрмыс құрып, жасына, тұрмыс-тіршілігіне қарай баланы дүниеге әкеледі, ал бізде ондай емес.
– Арманыңыз?
– Менің арманым – бала емдеу факультетін Қазақстанда қайта ашу, біздің болашағымыздың саулығы деп білемін.
– Қоғамдағы қандай проблема жаныңызға батады?
– Қазіргі адамдар аз жұмыс жасап, көп ақша тапқысы келеді немесе біреу сенің алдыңа дайын тамақты әкелетін сияқты. Бірақ әркім еңбегіне қарай, тұрмыс-жағдайы болады. Сондай-ақ мені тілдің мәселесі де жиі мазалайды. Кейбірі қазақша біле тұра, орысша сөйлейді, ал ол балалардың тәрбиесіне әсер етеді. Себебі, халық қалаулыларының орысша шүлдірлеп тұрғанын көрген ата-ана баласын орыс мектебіне береді. Міне, қазақ тілі қажет емес деген ұғым пайда болады. Теледидардан бірді-екілі қазақша сөйлейтін өзге ұлттар бар, соларды ғана көрсетіп қояды. Осы мәселені шешу керек деп ойлаймын.
– Оқырмандарымызға тілегіңіз?
– Халқымыздың, өсіп келе жатқан ұрпағымыздың денінің сау болғанынан артық бақыт жоқ мен үшін! Деніміз сау болсын!
Сәния СҮЛЕЙМЕН
Астана
Газета «Білімді ел»