Көмекші білезік
Науқасқа дер кезінде тиісті көмек көрсетілмесе, қайғылы жағдайға алып келуі әбден мүмкін. Әсіресе жедел жәрдемді ұзақ күтіп қалғанда немесе алғашқы көмек дәрігерлері келгенде науқастың жай-күйінен толық хабардар болса, нақты көмек көрсетуге болар еді. Дәл осы мақсатта С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің 6-курс студенті Аружан Қалиханова «көмекші білезік» ойлап тапты.
Аружанның ойлап тапқан білезігі науқасқа жедел жәрдем көрсетуді одан да жеделтеде түседі. Өйткені білезікке адамдардың медициналық картасына қол жеткізуге болатын QR код орнатылады. Студент бірде оқыс жағдайға тап болғаннан кейін осы құрылғыны жасап шығаруды ойға алған. 2-курста оқып жүргенде болашақ дәрігер көшеде есінен танып қалған адамға қалай көмектесерін білмей абдырап қалғанын айтты. «Егерде сол мезетте науқастың денсаулығы туралы толық мәлімет болса, бұл алғашқы көмек көрсетуге септігін тигізер еді. Өйткені білезіктегі QR код арқылы оның нақты диогназын білуге болады», дейді ол.