Мемлекеттік жекеменшік әріптестік негізінде: ҚазҰМУ студенттеріне арналған жаңа жатақхана ашылды
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы қаласында жатақханалардың жетіспеушілігі мәселесін шешуде жаңа тәсілдерді әзірлеу қажеттігі туралы тапсырмасын орындау мақсатында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің студенттері үшін жаңа жатақхана ашылды. Алматының географиялық орталығы Радостовец көшесі, 74 мекенжайында орналасқан студенттер үйі 6 қабаттан тұрады және 420 орынға есептелген.
Университет әзірлеген концепцияға сәйкес өмір сүру жағдайлары барлық халықаралық стандарттарға сәйкес жасақталған. Яғни, 2-5 адамға арналған бөлмелер, әрбір секцияға дәретхана мен душ, әрбір студенттің жеке оқу үстелі және төсек-орыны, кабинеттегі жұмыс үстелдері мен шкафтар. Әр қабатта қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған асханалар, коворкингтер мен қосалқы бөлмелер. Сондай-ақ, ыңғайлы оқу бөлмелері болады. Бірінші қабатта кір жуатын бөлме, кітапхана, техникалық кабинет және азық-түлік дүкені бар. Ерекше қажеттіліктері бар студенттер үшін арнайы бөлмелер жабдықталған.
Айта кету керек, ҚазҰМУ басшылығы студенттердің жағдайына ыңғайлы ете отырып, жатақхананың университетке және университеттің клиникалық базаларына жақын орналасуына ерекше көңіл бөледі. Сондай-ақ жатақхана маңайында саябақтар, алаңдар, әлеуметтік нысандар, супермаркеттер, дүкендер, метро станциялары бар. Студенттер үйінен ҚазҰМУ-дың бас корпусына дейінгі қашықтық 4,5 км, қоғамдық көлікпен 10 минутта немесе жаяу 25 минутта өтуге болады. Барлық қажетті инфрақұрылым жатақхананың жанында орналасқан.
Жатақхана жеке инвестор Дархан Сапаровтың қаржысымен салынып, С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ басшылығымен студенттерге жатақхана етіп беруге шарт жасалған. Жаңа жатақханаға қоныстану мүмкіндігіне ҚазҰМУ барлық курс студенттері ие болды.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жатақханалардағы орындарды жыл сайын ұлғайту қажеттігін атап өтті. Әр жыл сайын 10 мың жаңа төсек-орын ашылатынын жеткізді. Министрдің айтуынша: «демография өсуде, жастардың саны өсуде, жоғары білімге сұраныс артуда, үлкен қалаларда университеттерге жақын жерде жер тапшылығы бар».
Осыған байланысты, «Ғылым және жоғары білім министрлігі жатақханалар салу және жоғары оқу орындарының инфрақұрылымын нығайту үшін мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетіктерін белсенді пайдалану мәселесін пысықтауда. Академиялық орта мен бизнестің мұндай ынтымақтастығы – жатақханалар тапшылығы мәселесін шешудің кілті», – деп атап өтті Саясат Нұрбек.
«Мемлекет басшысының қолдауының арқасында бүгінде университеттер жатақханаларда орын жетіспеушілігі мәселесін тез арада шешу үшін мемлекеттік жеке меншік әріптестіктің түрлі жолдарын табуға мүмкіндік алады. Бизнес мұндай жобаларға қызығушылық танытады, ал ЖОО-лар құрылысқа орасан қаражатты тек өз есебінен ғана жұмсамайды. Бұл жатақханаларда орын жетіспеушілігі мәселесін шешудің тамаша мүмкіндігі. Біздің басым міндетіміз студенттеріміздің тұрғын үй іздеу туралы ойламауы үшін, тек өздерінің оқуына ғана көңіл бөлуі үшін оқуына және тұруына қолайлы жағдай жасау болып табылады. Біз жаңа Студенттер үйінде жасалған сапа мен жайлылық стандарттары басқа да жатақханаларда сақталуы үшін қолда бар жатақханаларда да жоспарлы түрде қайта жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз «, – деп атап өтті ҚазҰМУ-дың басқарма төрағасы-ректоры Марат Шоранов.Ақпараттық анықтама: Қазір ҚазҰМУ қарамағында 3 608 төсектік 9 жатақхана бар. Университет еліміздің жетекші құрылыс компаниясы BI Group-пен бірлесіп салынатын студенттік қалашық аумағында 530 орындық тағы бір жатақхана салуды жоспарлап отыр. Бұдан басқа, өткен жылдан бастап барлық студенттеріміз жоғары деңгейде жайлылық сезінуі үшін ескі жатақханаларды, бас кампусты кезең-кезеңмен қайта жаңарту басталды. Жаңа жатақхананың құрылысы университеттің 95 жылдығы қарсаңында оның одан әрі дамуындағы маңызды кезеңге айналады. Қазір жаңа жатақхана жобасы бекіту кезеңінде. Алдын ала құрылысты аяқтап, 2025 жылдың төртінші тоқсанында жаңа студенттер үйін ашу жоспарланып отыр.