Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойына арналған конференция өтті
Алматыда Денсаулық сақтау министрлігінің, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы мен Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ұйымдастыруымен қазақ халқының ұлы перзенті, аса көрнекті ағартушы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы, көсемсөз шебері Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойына арналған «Міржақып Дулатұлы – ағартушы, қоғам қайраткері, ұлттық білім беру жүйесінің негізін қалаушы» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Денсаулық сақтау және ғылым мен білім беру екі сала бірлескен форматта өткізген Конференцияға ғылым және денсаулық сақтау жүйесінің ғалымдары мен ардагерлері, Денсаулық сақтау министрлігінің басшылары, Асфендияров атындағы ҚазҰМУ оқытушылары, ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д, профессор, алаштанушы ғалым Мәмбет Қойгелді, белгілі режиссер, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Қалила Омаров, Қазақстанның халық әртісі, өнер қайраткері Ерсайын Төлеубай, «Аманат» партиясының Алматы қаласы Бостандық аудандық филиалының төрағасы Тынышқали Сәбен, Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің меңгерушісі Мейіржан Мұсабаев, Алматы облысы Музейлер бірлестігінің басшысы Талғат Келімбетов, Ақтөбе облысы денсаулық сақтау саласы ардагерлері кеңесінің төрағасы Роман Рахиев, Академик Е. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық университетінің доценті, т.ғ.к., «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жамбыл Жұмабеков, Қостанай облысы Арқалық қаласының тарих мұғалімі Шынар Бикенова және еліміздің барлық өңірлерінен 100-ден астам маман қатысты. Көпшілік қауым «Міржақып Дулатұлының мұрасы және қазіргі қазақ қоғамы» атты экспозициямен танысып, арнайы көрмені тамашалады. Конференцияны Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының басшысы Айжан Алдангорова Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың жолдаған құттықтау сөзімен бастады.
«Бұл дата – тек бір тұлғаның өмір жолын еске алу ғана емес, бүкіл қазақ ұлтының рухани жаңғыру, білім мен мәдениетке бет бұру тарихын қайта зерделеудің үлкен мүмкіндігі. Міржақып Дулатұлы ағартушылық қызметінде білім — ұлттық болмыстың тірегі, ал мектеп — елдің ертеңін қалыптастыратын негізгі ошақ деген тұжырым ұстанды. Міржақып Дулатұлының педагогикалық көзқарастары — қазіргі Қазақстанның білім беру философиясымен өзектес. Бұл ұстанымдар қазіргі «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» мен «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы, «Құндылықтарға негізделген білім беру» жобасы сияқты мемлекеттік саясат бағыттарымен үйлеседі» деп атап өтті Министр А. Әлназарова.
Конференцияға орайластырып «Аманат» партиясы «Жастар рухы» ұйымы белсенділерінің қатысуымен өткізілген «Қазақ үшін шам қылған жүрек майын» атты эссе байқауының, «Ұлт руханиятының алтын тұғыры» атты постер байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті және Алаштың зиялы қауым өкілдерінің мұрасын ұлықтауға, сондай-ақ ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраны сақтауға елеулі үлес қосқан бірқатар тұлғаларға Алматы облысының музейлер бірлестігі атынан Міржақып Дулатұлының 140 жылдығы құрметіне арналған мерейтойлық төсбелгі табыс етілді.
Конференцияның қорытындысы ретінде осы маңызды Іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан ұйымдастырушыларға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасы мен Алғыс табысталды. Қатысушыларға сертификаттар берілді.


