Наурызнама аясында «Ұлттық киім күніне» орай ұлттық киімді шетелдерге танытқан танымал дизайнер Мүсілім Садықұлы Жұмағалиевпен кездесу өтті
2025 жылғы 13 наурызда Қазақ тамақтану академиясының конференц-залында елімізде «Ұлттық киім күнін» енгізудің ұйытқысы болған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Дизайнерлер одағының мүшесі, суретші-дизайнер, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының сән және сән дизайны кафедрасының меңгерушісі, «Arlan Zhete» ұлттық киімдер театрының жетекшісі Мүсілім Садықұлы Жұмағалиевпен кездесу өтті.
Іс-шараның құрметті қонағы ұлттық қазақ киімін насихаттау мансабында әлемнің 106 елінде, ұлттық мәдени күндер мен ЭКСПО-да қазақ мәдениеті мен дәстүрін, ұлттық киімнің ерекше стилін таныстырған. Ұлттық киім дизайнері – ұлттық мұраны сақтау мен дамытуда еліміздің танымал өнер тарландары мен ұлттық «Астана балет театры» т.б. ерекше сәнді киім образдарын таныстырды. Кездесу барысында ұлттық киімнің дамуы мен қалыптасуы туралы 300 жылдан астам тарихы бар қызықты деректерімен бөлісіп, қазақ халқының ертеден ұлттық киімге зор талғамы, дәстүрлердің тереңдігі мен ұлттық киімнің әр элементінің шебер орындалуына аса жауапкершілікпен қарайтынына тоқталды.
Шараға «Arlan Zhete» театрының сауыттағы нар тұлғалы нағыз батырлары шоқпарымен келіп, қазақ халқының күш-қуатын, айбарлы болмысын көрсетсе, өткен ғасырдағы жібек матадан тігілген сәнді киім үлгісімен Аружан қазақ қызының сұлулығын, кербездігін бейнеледі. Қатысқан «Қоғамдық денсаулық сақтау», «Педиатрия» мамандығының студенттері зор қызығушылықпен тыңдап, қонақтың әлем деңгейіндегі атқарған еңбегіне тәнті болды.
Кездесу соңында университеттің «Қоғамдық денсаулық » мектебінің декан орынбасары Мұхаметжанова Ж., академик Т.Шарманов атындағы нутрициология кафедрасы мен қоғамдық денсаулық сақтау кафедрасының меңгерушілері Қайнарбаева М.С., Қожекенова Ж.А құрметті қонаққа ұлттық мәдениеттің өркендеуі мен жастарға рухани тәрбие беруге қосқан үлесі үшін шынайы алғыстарын білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.
Іс-шараны академик Т.Шарманов атындағы нутрициология кафедрасы, қоғамдық денсаулық сақтау және ЖИТС және инфекциялық бақылау курсы бар эпидемиология кафедрасы ұйымдастырды. Ұйымдастыруға атсалысқан Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің ПОҚ-ы: Қайнарбаева М.С., Кожекенова Ж.А., Қожахметова А.Н., Ергешбаева Р.Б., Чуенбекова А.Б., Бегімбетова Г.А., Құсайынова Э.І., Анамбаева А.И., Бейсенбинова Ж.Б., Темирбаева Л.Ж.).
Студенттер үшін бұл іс-шара өз мәдениетіне деген мақтаныш, отаншылдық сезімін ұялатуға, сондай-ақ қазақтың дәстүрлі киімдерінің көркемдігін көзбен көруге бірегей мүмкіндік болды.