– Ресейдің осы әдісті қолданып жүргеніне 5 жыл болды. Ресейлік әріптестерімізбен кеңесіп, тәжірибе алмасып, өз елімізде осы отаны бастауға талаптанып жатырмыз. Қазір көп кісі бұл отаның қалай жасалатынын дұрыс түсінбей жатыр. Біздің бастағалы отырғанымыз әзірге тек құлақ қалқанын жасау. Жүре келе құлақ тесігіне де ота жасауды қолға алмақ ойымыз бар.
13 жылдан бері туа пайда болған патологиялармен айналысып келемін. Мұндай науқастардың көптігін көріп, осы отамен айналысуды қолға алғалы отырмын. Жаңа ота түрі болғаннан кейін оны зерттеп, айналысудың көп шығыны бар. Арнайы оқулықтар, видеолар алып, пайдалану керек. Арнайы семинарлар мен курстарға қатысу керек, – дейді Н.Сатылғанов.
Нариман Жақсылықұлы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті жанындағы Ақсай балалар ауруханасында жұмыс істейді. Қазірдің өзінде балаларына осы отаны жасатуға келісім беріп отырған ата-аналар бар.
– Бұл жерде дәрігердің қабілеті мен білімі үлкен рөл атқарады. Егер дәрігердің ептілігі жоғары деңгейде болса, онда ота құны қымбат болмайды. Қазір отандастарымыз пәтерін, көлігін сатып, несие алып осы отаны жасатуға Түркия, Америка сияқты шетелдерге барып жүр. Отадан бөлек, жол шығыны, тұратын жер, тағы басқаларды қосқанда тым қымбатқа түсіп кетеді. Мемлекет жас дәрігерлерді қолдаса, келешекте бұл отаны өз елімізде жасауға толық мүмкіндік бар. Бізді қолдаушылар болмай тұр, барлық іс-әрекетті әзірге өз күшімізбен жасап жатырмыз. Алдағы уақытта бұл отаға мемлекеттен квота бөліну жағы қарастырылады деп үміттенемін. Сол себепті ота бағасын да Денсаулық сақтау министрлігі белгілеуі керек. Отаның құны шамамен 10 миллион теңге болады деп ойлаймын. Өйткені бұл күрделі, кезең-кезеңімен жасалатын ота. Оған үлкен күш, тыңғылықты дайындық қажет. Мұндай ота Америкада 100 мың доллар, Еуропада 60-70 мың доллар тұрады. Салыстырмалы түрде алып қарағанда, отандық медицинада жасалған ота анағұрлым арзанға түсуі тиіс. Осы жылы шамамен 4-5 ота жасалуы керек деп жоспарлап отырмыз, – дейді дәрігер.
Осы жерде нақты айта кетер мәселе бар. Кейбір адамдар құлақ қалқаны естуге байланысты деп ойлайды. Отандық дәрігерлер жасағалы отырған ота әзірге косметикалық жағынан. Бет-әлпет, сыртқы бейненің дұрыс болуы үшін жасалатын ота. Кәсіби жағынан нәтижелер жақсы болса, одан кейінгі кезеңдеріне өту жағы қарастырылып жатыр. Осыған дейін ондай оталар жасалған, бірақ кейбір қателіктер болды. Соған байланысты ата-аналарда қорқыныш бар. Нариман Жақсылықұлы тап осы – жақ және бетке жасалатын отаның маманы. Олар әзірге отаны құлақтың сыртқы бөлігінен бастағалы отыр.
– Шетелде адамдар осындай ота түріне көп жүгінеді. Мемлекет мамандарды қолдайтын болса, бұдан да жоғары нәтижелерге қол жеткізер едік. Ізденуге, шетелдерге барып тәжірибе алмасуға жағдай жасалса, бізде талантты дәрігерлер жеткілікті, – дейді ол.
Қазақстанда құлақ қалқанынсыз туғандардың нақты статистикасы жоқ. 600-дей бала бар деген мәлімет тараған. Бірақ Нариман Жақсылықұлының айтуынша, нақты есебін алса, науқастар саны одан да асып кетеді. Хирургтың үлкендерге де, жас балаларға да ота жасауға лицензиясы бар. Шетелдерде жасына қарамай, үлкен кісілер де осындай ота жасатып жатады. Бұл қалыпты жағдай саналады. Елімізде құлақ қалқанына жасалған ота сәтті шығып, мемлекет тарапынан қолдау болса, бұл отаға әлі талайлардың жүгінері сөзсіз.
Толығырақ: https://aikyn.kz/74359/%d0%bd%d0%b0%d1%83%d2%9b%d0%b0%d1%81%d1%82%d1%8b%d2%a3-%d2%9b%d0%b0%d0%b1%d1%8b%d1%80%d2%93%d0%b0-%d0%b5%d1%82%d1%96%d0%bd%d0%b5%d0%bd-%d2%9b%d2%b1%d0%bb%d0%b0%d2%9b-%d2%9b%d0%b0%d0%bb%d2%9b%d0%b0/