Нұрғожин Талғат Сейтжанұлына С. Ж. Асфендияров атындағы үлкен медаль табысталды
2017 жылдың 13 шілдесінен бастап 2022 жылдың 10 маусымына дейін «С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті» КЕАҚ басшысы қызметін атқарған Нұрғожин Талғат Сейтжанұлына С.Ж. Асфендияров атындағы үлкен медаль табысталды.
ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов Талғат Нұрғожинның университеттің дамуына қозған зор үлесін, Альма-матердің игілігі үшін атқарған қажырлы еңбегін атап өтті.
«Сіздерді тағы да төл мерекемізбен құттықтағым келеді. Дәрігерлердің жүрегі әрдайым мейірімділік пен жанашырлыққа толы. Мен балаларыма егер осы мамандықты таңдасаңдар, әрқашан науқасқа мұқият, жанашыр болу қажет екенін айтамын. Сіздерге үлкен жетістіктер, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Марат Едігеұлы, сізге әрқашан қолдау көрсететін керемет ұжымға ие болдыңыз. 14 мың балаға әке болу – жер бетіндегі ең басты бақыт, бұл бақыт енді сізде де бар», – деді Талғат Нұрғожин.
Талғат Нұрғожин Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің 14-ректоры болды. Ол 1967 жылы 30 қыркүйекте дүниеге келген. 1992 жылы Сібір мемлекеттік медицина университетін, әскери-медицина факультетін бітірген. Оқуды аяқтағаннан кейін 25717 ә/б Отар к.т. қызметын өткеру үшін жіберілді. 1986-1988 жылдары КСРО Қарулы Күштері қатарында қызмет етті.
1993 жылдан 1997 жылға дейін С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазМУ фармакология кафедрасының ассистенті болып жұмыс істеді. 1997-1998 жылдары осы кафедраның аға оқытушысы болып жұмыс істеді.
1999 жылы 14.00.25 – Фармакология, клиникалық фармакология мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғады.
2000 жылдың қыркүйек айынан бастап ҚМИ жалпы және клиникалық фармакология кафедрасында жұмыс істеді. 2001 жылдың қыркүйек айынан бастап ҚМУ жалпы және клиникалық фармакология кафедрасының доценті болып жұмыс істеді.
2005 жылы 14.00.25 – Фармакология, клиникалық фармакология мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғады.
2006 жылы ҚР ҚМ Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитетімен профессор атағы берілді.
2006-2009 жылдары Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтының клиникалық жұмыс, ұйымдастыру – экономикалық жұмыс жөніндегі проректоры және клиникалық фармакология кафедрасының профессоры.
2009 жылдан бастап денсаулық сақтауды дамыту институтының директор орынбасары болып қызмет етті.
2009-2011 жылдары ұлттық медицина холдингінде Басқарушы директоры қызметін атқарды.
2011 жылдан бастап трансляциялық медицина, сапалы ұзақ өмір сүру және жаһандық денсаулық департаментінің директоры, 2015 жылдан бастап эксперименттік және клиникалық фармакология институтының басшысы және өмір туралы ғылымдар орталығының директоры, Астана ұлттық зертханасында, Назарбаев Университетінде қызметтер атқарды.
Қазіргі уақытта ҚазҰМУ 14 108 білім алады, оның ішінде 2689 әлемнің 22 елінен келген шетелдік студенттер. Университетте қуатты 789 оқытушы-профессорлар құрамы жұмыс істейді.
2018 жылы университет құрамына қазақстандық жетекші ғылыми-зерттеу институттары мен ұлттық орталықтар кірді. Білім беру бағдарламаларының саны 2 есе өсіп, саны 89 бағдарламаға жетті. Соның ішінде, ҚазҰМУ серіктестерімен бірге қос дипломды білім беру бағдарламалары әзірленді.
Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық зерттеу университеті қазақстандық және халықаралық рейтингтерде жоғары орындарға ие болды.
2021 жылы университет өз тарихында алғаш рет QS World University Ranking әлемдік университеттердің элиталық рейтингінің құрамына енді.
ҚазҰМУ еліміздегі ең ірі симуляциялық орталығында толығымен жаңартулар жасады. 2,5 мың шаршы метр аумақта медицинаның әртүрлі салалары бойынша симуляциялық сыныптар орналасқан: акушерлік және гинекология, хирургия, жедел жәрдем, дебрифинг, педиатрия. Оған стоматология мектебіндегі симуляциялық сынып қосылды, репродуктолог-дәрігерлерді оқыту үшін симуляциялық жабдықтар сатып алынды. 2021 жылы озық жабдықтармен және Қазақстан үшін бірегей адам мәйіттерінің имитаторларымен жабдықталған жаңа анатомия залы ашылды. Студенттер үшін жаңа сүйек мұражайы жұмыс істей бастады.
ҚазҰМУ клиникалық базалары мен университеттік базалары жаңартылып жетілдірілді. Бұл базалардың барлығы студенттерге білімдерін тәжірбие жүзінде бекіту үшін белсенді қолданылады. Студенттерге практикалық білім беру 118 ұйымда орналасқан 68 клиникалық кафедраларда жүзеге асырылады.
Қазіргі таңда ҚазҰМУ студенттер үшін ең қолайы және қолжетімді жатақханалар бар. 2018 жылы еліміздің Тұңғыш Президенті ұсынған бес әлеуметтік бастама аясында Қазақстандық ЖОО арасында алғашқы болып жаңа жатақхана ашылды.
ҚазҰМУ бірнеше жыл бұрын Батыс Қазақстан және Жамбыл облыстарындағы клиникалар мен колледждерді сенімгерлік басқаруға алды. Қысқа уақыт аралығында осы бағытта университеттің филиалдары дамуға мықты серпін алды.
ҚазҰМУ ірі және озық геномдық орталық ашылды, жаңа зертханалар жабдықтармен жасақталды, ал онда білікті мамандар тобы жұмыс істейді.