Рухани жаңғыру – жаңаша дамудың, білімді де саналы жас ұрпақ тәрбиелеудің кепілі
С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруда көптеген іс-шаралар атқарып жатыр. Осыған орай, аталған бағдарлама туралы ой-пікірін білу мақсатында жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты, қоғам қайраткері Бейбіт Қойшыбаевты әңгімеге тартқан едік.
– ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы төрт кіші бағдарлама – «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Атамекен» және «Ақпарат толқыны» тармақтарына бөлінеді. Осы орайда, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің оқытушы-профессорлар құрамы және білім алушылар қазіргі қоғамдағы, жалпы жаһандану дәуіріндегі тәрбие мен білімнің маңызы туралы ойыңызды білгісі келеді.
– «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында қазіргі қоғамда жас ұрпаққа тәрбие мен білім берудің маңызы және олардың бағыттары мейлінше айқын тұжырымдалғаны, атқарылуға тиіс шаралар жеке-жеке тақырыптарға жүйеленіп көрсетілгені белгілі. Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басқан тұста жаһандық жаңғырумен қатар рухани жаңғыруды тең ұстау – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Рухани жаңғырудың басты шарты білім екені даусыз. Қазақтың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынов кезінде: «Елді түзетуді бала оқыту ісінен бастау керек», – деген еді. Білімге қатысты бұл ой-пікір бүгін де өз өзектілігін жойған жоқ. Қазіргі таңда жастарға білім беру жаңа идеяларды, жаңаша оқытудың тиімді жолдарын тауып, оларды жан-жақты қолдануды, білім сапасын жетілдіруді талап етеді. Жаңартылған білім беру бағдарламасы білім берудің қазіргі жаһандық үрдістері мен қазақстандық білім берудің үздік практикасын кіріктіруге бағытталған. Бүгінгі тыныс-тіршілігіміз ғылым мен техниканың күллі әлемге таралған ғаламат жетістіктерін пайдалана отырып дамитыны ақиқат. Білім – ғылымның іргетасы және мемлекет дамуының алтын арқауы екені шүбәсіз. Ғылым мен техниканың даму деңгейіне сәйкес, терең білімді, іскер және ойлауға қабілетті, әлемдік стандарттар негізінде жұмыс істей алатын, уақыт ағымына сай үйлесімді дамыған жастар уақыт өте келе елдің және жаңа заманның құрылысшылары бола алады. Болашақта өркениетті, дамыған елдер қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет. Сондай-ақ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында табысты болудың ең іргелі факторы ретінде білімге мән берілумен қатар, тәрбие мәселесіне де баса назар аударылған. Өйткені тәрбие мен білім – егіз ұғым. Жастар жан-жақты білім алумен бірге, өзін-өзі жетілдіруге тұрақты түрде талпынатын, рухани тұрғыда дамыған, толыққанды тұлға болып қалыптасуы тиіс. Білімді, өз мамандығының қыр-сырын жете меңгерген әрі рухани тұрғыда кемел дамыған адамдар ғана заманның жаңа талаптарына сай қоғам дамуына өзіндік үлес қоса алады. Сондықтан ұстаздар қауымының басты міндеті – жастарға терең білім мен өнегелі тәрбие беру, сол арқылы ұрпақ бойына ұлттық кодты сіңіре білу. Осыны жан-тәнімізбен сезініп, рухани жаңғыру шараларын жүргізуді жарқын болашаққа бағдар ретінде қабыл алуымыз керек. Бағдарламадағы «Туған жер» жобасы көздеген тармақтардың бәрінің де асыл өзегі – жастарды ана тілін қадірлеп-қастерлеуге, елі мен жерін сүйе білуге, отаншылдыққа, патриоттыққа баулу. Осы орайда қоғамымыздың әрбір мүшесі рухани тұрғыда жаңғыруды, дәлірек айтқанда, рухани тұрғыда жаңарудың жаңа белесіне көтерілуді өзінің азаматтық парызы деп білгені жөн. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жастарымызды із ісінің қыр-сырын жетік білетін, қоғамға керекті маман, саналы азамат, ұлттық мүдде жолына қызмет ететін, Отанын, елін сүйетін қайраткер етіп тәрбиелеу – басты міндет.
– Ұлы бабамыз әл-Фарабидің «Білімді тәрбиелі адамға беру керек» деген қанатты сөзі жөніндегі ойыңыз қандай?
– Әл Фараби бабамыз: «Адамға алдымен тәлім-тәрбие бермей, ғылым-білім берсе – ол ортаға опат әкеледі» деп тұжырымдайды. Бұл қанатты сөз әркімнің бойында бірінші кезекте адамгершілікті, инабаттылықты, имандылықты тәрбиелеуге ұлы ойшылдың ерекше мән бергенін көрсетеді. Шынында да, тек адамгершілігі мол жан ғана алған терең білімін ел игілігіне жұмсай алады. Адам тағдырын, адам мүддесін ойлайтын адамгершілік қасиетінің арқасында, кезінде адамзатты қырып-жоятын қаруды ойлап тапқандар, айталық, алғашқы сутегі бомбасын жасаған физик-теоретик, академик Андрей Дмитриевич Сахаров, ядролық қару сынақтарын тоқтатуға шақырды, оны өмірде қолдануға қарсылық білдірді. Сондықтан да ғасырлар тереңінен жеткен аталмыш қанатты сөздің маңыздылығын ешқашан ұмытпауымыз керек. Қандай маманның болмасын, бірінші кезекте жеке басының тәрбиелі болуы, әсіресе қазақы ұлттық тәрбие алуы өте маңызды. Мұны әрдайым есте ұстау ләзім.
– Ауылды жерде мамандардың жетіспеушілігіне байланысты қазіргі кезде «Дипломмен ауылға» деген бағдарламаға баса мән беріліп отыр. Жоғарыда аталған «Атамекен» бағдарламасына сай осы орайда оқу бітіруші түлектерге, оның ішінде болашақ дәрігерлерге не айтар едіңіз?
– Бұл ретте оқу бітіруші түлектерге өз халқы мен елі алдындағы парыздарын терең түсінуге тырысқандары жөн дер едім. Ауыл – қазақтың ұлттық тамыры нәр алатын орын. Оның байырғы дәстүрлі қалпын дәулетті көшпенділерді тәркілеген большевиктік реформа бұзды. Артынша жүргізілген күштеп отырықшыландыру мен ұжымдастыру науқандары салдарынан орын алған 30-шы жылдарғы алапат ашаршылық – ұлттық апат оны мүлдем тас-талқан етті де, жаңа тұрпатты социалистік ауылды қалыптастыра бастады. Түрлі қиыншылық кездескенмен, нәтижесі жаман болған жоқ. Жарты ғасыр ішінде бай-қуатты, заманға лайық тұрмыс құруға ұмтылған ауылдар бой түзеді. Ауыл қайтадан нағыз ұлттық тәлім-тәрбие, жөн-жосық, дәстүр, өнегелі тыныс-тіршілік негізіне айналды. Тәуелсіздік туғанда жүргізілген реформа нәтижесінде ауылда біраз өзгерістер болды. Айтып отырған бағдарламаларыңыз, сөз жоқ, ауылдардағы бүгінгі таңда дұрысталып келе жатқан жағдайды жақсарта түсуге жас мамандардың, оның ішінде дәрігерлердің атсалысып, септесуін көздейді. Сондықтан да бағдарлама ауқымында үкімет тарапынан берілетін көмекті пайдалана отырып, ауылды қазақ халқының нағыз ұлттық тірегіне айналдыруға үлес қосқан жөн дер едім. Мәселеге шығармашылықпен қарау керек. Мәселен, бір ғана жәйтті алайық: ауылға барған әрбір жас маман оқыған, білімді, талапты, отансүйгіш азамат ретінде, өзара қауымдаса әрекет етіп, зерделі орта, зиялылар ошағын қалыптастыра алар еді. Жұрттың өткен тарихтан, ащы кезеңдерден сабақ алып, бір кездері қолдан сусып кеткен жағдайды қазіргі мүмкіндіктерге сай реттеуге ұмтылуына септесер еді. Нақтылап айтқанда, оқыған жастар, оның ішінде дәрігерлер өз мамандығына сай, ауылдың тұрмыс-тіршілігін жандандырып, одан әрі көркейтуге үлес қосу арқылы оны қазіргі заманғы озық та мәдениетті мекенге айналдыру жағын қолға алуы керек. Бұл тұрғыдан алғанда, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының мән-маңызы ерекше екені анық.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы жастарға білім мен тәрбие беруде қандай жетістіктерге қол жеткіземіз деп ойлайсыз?
– Кез келген ірі мақсатқа әуелі оны идеологиялық тұрғыдан қамтамасыз етіп алғаннан соң ғана жетуге болады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы беретін бағдармен оқытып, тәрбиелеу арқылы жас мамандарды халқымыздың тарихын, мәдениетін, тілін қадірлеп, оны өмірде қолдана білетін және бірінші кезекте өз елінің жетістіктеріне үлес қосып, соны мақтаныш тұтатын азамат етіп сомдауға боларына күмән жоқ.
– Сөзімізді қорыта келе, бүгінгі Төтенше жағдайда жалпы халыққа, дәрігерлер қауымына, білім алушыларға не айтар едіңіз?
– Бұл әлемдік қатерге баршамыздың ортақ тәртіпке қалтқысыз бағыну, қауіпсіздік шарттарын мұқият сақтау арқылы ғана қарсы тұра аларымыз анық. Сондықтан да осы Төтенше жағдай сынына тірлігімізді бағындырып, төзімімізді алға сала отырып, сабырмен төтеп берейік, бұл қолымыздан келуге тиіс. Оқу соңындағы жас ұрпақ уақыт талабына бейімделіп, білім алудың жаңа заманауи тәсілдерін тосырқамай қабыл алып, оларды ыждағаттылықпен бойына сіңіріп, сапалы маман қатарына тұруға ұмтылсын дейміз. Халықтың, әсіресе дәрігерлердің иығына түскен қиындықтан аман-есен шыға біліп, сөйтіп сүйікті Отанымыздың игілігі үшін бір кісідей жұмылып жемісті еңбек етуді жалғастыратын жарқын күндерге жететімізге сенім зор.
Сұхбат алған интернатура және резидентура факультетінің деканаты
16 сәуір 2020 жыл