С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да өткен «Ұлағатты есім – Ұстаз» атты мерекелік іс-шара
С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде 2022 жылдың 07 қазаны күні Халықаралық қарттар және Ұстаздар күндеріне арналған мерекелік іс-шара өткізілді. Қазан айының басында айтулы екі мереке бір-біріне тұспа-тұс келетіндіктен университетімізде бірге аталынып өтеді. Қалыптасқан дәстүр бойынша мерекелік іс-шараға оқу-орнымызда талай жылдар ұстаздық қызмет атқарған, бүгінгі күнде зейнеткерлік демалыстағы ардагерлер арнайы шақырылады. Мереке қарсаңында ҚазҰМУ ардагерлер кеңесінің төрағасы Р.А.Тогусова көмекші қызметкерлерімен бірге университет және ҚазҰМУ жергілікті жұмысшылар кәсіподағы атынан ардагерлердің үйіне барып мерекемен құттықтап, сыйлықтарын табыстап қайтты. Бұл біздің оқу-орнымыздың қалыптасқан тамаша дәстүрі, ардагерлерге деген құрмет.
Жылдағыдай мереке «Ұстазыма» ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталып, жиында ардагерлер сөз сөйледі. Артынша қонақтар «Конкордиа» театрындағы құттықтаулар мен студенттердің мерекелік концертін тамашалауға өтті. Театрда С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің проректоры У.М.Датхаев барша жиналған ардагерлерді, профессорлық-оқытушылар құрамын мерекемен құттықтады. Артынша университет және ҚазҰМУ жергілікті жұмысшылар кәсіподағы атынан ұйым төрағасы С.А.Алтынбеков мектептер мен кафедралардың ұсынуымен оқытушыларға мерекелік сыйлық сертификаттарын табыстады. Құттықтау бөлімінен кейін университеттің көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысушы қызметкерлер, студенттер мерекелік ән-жырларын ортаға салды. Оқу орнымызда көркемөнерпаздар үйірмелеріне студенттермен бірге оқытушылар мен қызметкерлер де қатысады. Дуэт орындауда «Әскери кафедрасының» аға оқытушысы Н.И.Насыров және «Біліктілікті арттыру институтының» бас маманы Н.М.Ажибекова өз әріптестеріне ән тарту етті.
Іс-шараға арнайы шақырылған ардагерлер өздері тәрбиелеген ұстаз шәкірттерін көріп, студенттердің өнерлерін тамашалап, бір жасап қалды. Мереке соңында ардагерлер университет ұжымына алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді.
Әлеуметтік тәрбие жұмысы департаментінің
бас маманы С.А.Апсаттарова