Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ниязходжаев Саидикрам Пархатұлы келді
Өзбекстан елшісі ҚазҰМУ басшылығымен, факультет декандарымен және Қазақстанның жетекші медициналық жоғары оқу орнында білім алып жатқан Өзбекстаннан келген студенттермен кездесті.
Делегация құрамында Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ниязходжаев Саидикрам Пархатұлы мырза және Алматыдағы Бас консул Фатхуллаев Аброр Джахангирович мырза болды.
Қазақ ұлттық медицина университетінен кездесуге басқарма төрағасы-ректор Шоранов Марат Едігеұлы, проректорлар Датхаев Убайдулла Махамбетұлы, Байлдинова Клара Жеңісқызы, Сұлтанғазиева Светлана Елеусізқызы, Давлетов Қайрат Қырғызбайұлы және стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық департаментінің басшысы Усатаев Мұрат Мейіртайұлы қатысты.
Кездесуде Өзбекстан тарапы ҚазҰМУ басшылығымен танысу және медициналық білім беру саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ студенттер мен профессор-оқытушылар құрамымен академиялық алмасуды одан әрі дамыту мәселелерін талқылау мақсатында бастамашылық етті.
Қазақстанның Өзбекстанмен дипломатиялық қарым-қатынасының 30 жылдық тарихы бар. Соңғы жылдары екі ел арасындағы дипломатия, сауда, бизнес, мәдени және білім беру саласындағы байланыстар жаңа деңгейге көтерілді. Көлік саласындағы ынтымақтастық кең өріс алды, бұл өз кезегінде туристік саладағы ынтымақтастықтың жаңа перспективаларын ашады.
ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов халықаралық ынтымақтастық университет қызметінің ажырамас бөлігі және республиканың еңбек нарығында және шетелде талап етілетін бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауда білім беру сапасын және оның халықаралық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етудегі маңызды құрал болып табылатынын атап өтті.
«С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті Өзбекстан Республикасының Жоғары оқу орындарымен әріптестік қарым-қатынас орнату бойынша жұмыстар жүргізуде. Қазіргі уақытта Өзбекстан Республикасының Жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы 14 меморандум рәсімделген. Бүгінгі таңда университетте Өзбекстаннан келген 82 студент білім алуда», – деп атап өтті ҚазҰМУ басшысы.
Өз кезегінде Өзбекстан елшісі ҚазҰМУ өкілдеріне жоғары дәрежелі медицина мамандарын даярлау саласындағы елеулі жұмысы үшін алғыс білдірді. Ниязходжаев Саидикрам Өзбекстаннан келген ҚазҰМУ студенттерінің барлық сұрақтарына жауап беріп, оларға оқуда үлкен жетістіктер тіледі.
Өзбекстан елшісі Даңқ залында Қазақ ұлттық медицина университетінде білім алатын Өзбекстаннан келген отандас студенттермен кездесу өткізді. Ол студенттермен емін-еркін, жайсаң жағдайда әңгімелесіп, білім алу, орналасу, басқа да мәселелер бойынша сұрақтар қоюға шақырды. Студенттер тарапынан Өзбекстанда практикадан өту шарттары және құжаттарды нострификациялау бойынша сұрақтар қойылып, жауап берілді. Елші мырза отандас студенттерін оқуда озат болып, үлгілі тәртіп көрсетуге шақырды және Өзбекстаннан келген студенттердің Қазақстанда өз Отанын абыроймен көрсететініне сенім білдірді.
Кездесу соңында қонақтар медицина тарихи мұражайына барып, мұражайдың бай мұрасымен танысты. «1978 жылғы Алматы Декларациясына» арналған экспонаттар ерекше қызығушылық тудырды, себебі алғашқы медициналық-санитарлық көмек тақырыбы Орталық Азияның барлық мемлекеттері үшін өзекті болып қала береді.