Санжар Асфендияровтың туғанына 130 жыл ҚазҰМУ-да университет күндері өтуде
Биыл ҚазҰМУ жетекші білім ордасының негізін қалаушы Санжар Асфендияровтың 130 жылдығын және де университеттің 89 жылдығын атап өтуде. Өзінің 89 жылдық бай тарихында киелі қара шаңырақтан 85 мыңнан астам дәрігер түлеп шыққан екен. Еліміздің әрбір үшінші медицина қызметкері ҚазҰМУ-дың түлегі болып табылады.
«ҚазҰМУ алдағы жылдары жетекші медициналық университет ғана емес, Қазақстанның жетекші ғылыми-зерттеу институттарын біріктіретін жетекші медициналық және ғылыми орталық болады. Біздің міндетіміз – болашақ қазақстандық медицинаның элитасын тәрбиелеу. Университет таңдаған мамандығының нағыз кәсіби шебері болуға талпынатын және жан-жақты, көптеген бағыттар бойынша өзін қосымша жетілдіруге дайын студенттерді құптайды. Біз осындай балаларды анықтап, оларға өзін қалыптастыруда, сондай-ақ көшбасшылық қасиеттерін жүзеге асыруға мүмкіндік бергіміз келеді», – деп ҚазҰМУ ректоры Талғат Нұрғожин атап өткен болатын.
ҚазҰМУ қазақстандық білім беру рейтингтерінде жетекші орынға ие. Университет ARES еуропалық рейтингісінде (Еуропалық ғылыми-өнеркәсіптік палата) А+ санаты бар Қазақстан Республикасының Жоғары оқу орындары арасында 5-ші орынға, ал еліміздің медициналық оқу орындары арасында 1-ші орынға ие болды.
QS EECA 2019/20 жоғары оқу орындарының Халықаралық рейтингінің қорытындысы бойынша – Еуропа мен Орталық Азия елдері бойынша QS аймақтық рейтингі бойынша ҚазҰМУ 152-орынға ие болып, топ-200 рейтингісіне енді.
Қазақстанның үздік ЖОО-ның ұлттық рейтингісінің нәтижелері бойынша ҚазҰМУ медициналық ЖОО санатында институционалдық рейтингте 1-ші орынды иеленді. Білім беру бағдарламаларының ұлттық рейтингісінің нәтижесі бойынша ҚазҰМУ-дың білім беру бағдарламалары 1-ші және 2-ші орындарға ие болды. ҚР жоғары оқу орындарының сұранысы бойынша ұлттық рейтингісінде ҚазҰМУ топ-20 құрамында, атап айтқанда 6-шы орынды иеленіп отыр. Сондай-ақ, ҚазҰМУ келесі номинацияларға ие болды: сарапшылардың беделі бойынша көшбасшы; жұмыс берушілердің беделі бойынша көшбасшы; интернационалдандыру бойынша көшбасшы.
ҚазҰМУ Қазақстан Республикасының медициналық университеттері арасында соңғы бес жылда Web of Science Core Collection ғылыми жарияланымдарының саны мен дәйексөздері бойынша көшбасшы болып табылады.
Университет күндерінің аясында ҚазҰМУ-да университеттік оқулар мен конференциялар өтеді. Негізгі бағыт педиатриялық профильге жасалған. Университет базасында «ДЕНІ САУ БАЛА – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.
Айта кетерлігі, Қазақстандағы ең көне факультеттерінің бірі болып табылатын ҚазҰМУ-дың педиатрия факультеті 1938 жылы ашылды. Факультет құрылғаннан бері көптеген белестер өткеріліп, маңызды жобалар іске асырылған болатын: оның алғашқы шығарылымы 1943 жылы өтті және ол кезде бар болғаны 8 адам еді, келесі жылдары жеті мыңнан астам педиатрлар мен үш жүзден астам балалар хирургтары шығарылды. Алайда, белгілі уақыт аралығы факультеттің қызметі тоқтатылып, кейін қайта 2017 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 181 адамнан құралған бірінші студенттер қатары қабылданды. Айта кету керек, осы жылдан бастап ҚазҰМУ құрамына Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы кірді.
Биылғы Университет күндеріне Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, сондай-ақ Литва Республикасының Бас консулы Дариус Виткаускас қатыспақ. ҚазҰМУ ректоры Талғат Нұрғожин, Педиатрия және балалар хирургиясы ҒЗИ директоры, Қазақстанның бас педиатры Риза Боранбаева және Литва денсаулық ғылымдары университеті Сенатының Төрағасы Римантас Бенетис баяндама жасайтын болады.
«ДЕНІ САУ БАЛА – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ» атты конференцияда Түркия, Ресей дәрігерлері мен ҚазҰМУ мамандары өздерінің ғылыми білімдерімен бөліседі. Қатысушылар педиатрия бойынша, ғылым мен білім интеграциясы жөнінде, нефрология және балалар хирургиясы мәселелерін талқылайтын болады. Сонымен бірге әлемнің үздік кардиохирургтарының бірі Римантас Бенетис жетекшілігімен өткізілетін операцияны тамашалауға мүмкіндік туады.
Сондай-ақ, конференциялар мен дөңгелек үстелдер өтеді. Бұл отырыстарда балалардағы менингокококк инфекциясына, неврологияның күрделі мәселелеріне, Қазақстанда емдеу бойынша халықаралық ұсыныстарды енгізуге ерекше көңіл бөлінетін болады. «ҚР балалар неврологиясының өзекті мәселелері» атты мастер-класс өтеді.
Жедел және шұғыл медициналық көмек көрсетудегі, фармациядағы инновациялық әдістер жайлы «Педиатриядағы дәрілік препараттардың қауіпсіздігі» тақырыбында дөңгелек үстелде кеңінен талқыланатын болады. Маңызды баяндамалар арасында «ҚР балалар мен жасөспірімдеріндегі стоматологиялық денсаулық және жақ-бет патологиясы мәселелері» жайлы, сондай-ақ «Биомедицинадағы омикс-технологиялар мен инновациялар» тақырыбындағы дөңгелек үстелді ерекше атап өтсе болады.
«Орталық клиникалық аурухана» АҚ (ҚР Президенті басқармалары МО) базасында «Жүрек-қан тамырлары аурулары және тромбоздар» атты қалалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтеді. И.Жекенова атындағы Алматы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында «Тұмау және ЖРВИ: диагностика, емдеу және алдын алудың заманауи трендтері» атты конференциясы өтеді.
Бұдан басқа, ҚазҰМУ-дың «Даңқ залында» еліміздің жоғары оқу орындарының белсенділері қатысуымен «Жастар жылын» қорытындылауға және «Еріктілер жылының» басталуына арналған «Медициналық еріктілік – салауатты ұлттқа маңызды қадам» атты қалалық жастар форумы өтеді. Университет күндерінің қорытындысы бойынша «УНИВЕРСИТЕТ ҮМІТІ-2019» және «УНИВЕРСИТЕТ МАҚТАНЫШЫ – 2019» сертификаттарын тапсыру жоспарлануда.
Жалпы, университет күндеріне он елден келген 38 маман қатысады: Өзбекстан, Моңғолия, Литва, Тәжікстан, Түркия, Ресей, Польша, Украина, Қырғызстан, Жапония, сондай-ақ қазақстандық медициналық жоғары оқу орындарының ректорлары. Сонымен қатар, Түркия, Ресей, Польша, Украина және Қырғызстаннан жеті визитинг-профессорлары қатыспақ.
Қазіргі таңда университет толық масштабты трансформациядан өтуде. 2018 жылы ҚазҰМУ құрылымына бес жетекші қазақстандық ғылыми-зерттеу институттары берілді. Жоғары кәсіби мамандарды даярлаудағы қойылатын талап одан да жоғары көтерілмек. 2019-2020 оқу жылынан бастап Қазақстанда медицина мамандарын алты жылдық оқытуға көшу жүргізіледі және осыған байланысты университетте білім беру моделі өзгеруде.
Білім берудің жаңа моделінің негізгі мақсаты алғашқы алты жыл ішінде педиатрияда, хирургия, акушерлік және басқа да терең медициналық пәндерден тәжірибелік дағдылары бар «әмбебап докторын» құру болып табылады. Ол үшін бірінші кезекте алған білімдерді практикалық тұрғыдан бекітуге баса назар аудару қажет. Кейіннен, алынған тәжірибеге сүйене отырып, дәрігер тар шеңберлі мамандықты таңдайтын болады.
Литва денсаулық ғылымдары университетімен бірге ҚазҰМУ барлық халықаралық стандарттарға сәйкес келетін оқыту бағдарламаларын енгізуде.
Литва денсаулық ғылымдары университетінің бағдарламалары негізінде жаңа біріктірілген бағдарламалар әзірленді:
«Жалпы медицина» – 6 жыл
«Педиатрия» – 6 жыл
«Фармация» – 5 жыл
«Стоматология» – 6 жыл.
Бұл бағдарламада интернатура мен магистратура базалық оқытудың бірыңғай 6 жылдық бағдарламасына енгізілді. 6 жыл өткеннен кейін бітірушіге жоғары білім туралы MD/+MSc диплом беріледі, бұл магистр дәрежесінің және дәрігер біліктілігін берілуін білдіреді.
Сонымен қатар, осы жылдан бастап университет Медицина, Қоғамдық денсаулық сақтау, Фармация және фармацевтикалық өндіріс технологиясы мамандықтары бойынша Диссертациялық кеңестердің шешімдері негізінде PhD докторы дәрежесін дербес бере алады.
Магистратура мен докторантурада ҚазҰМУ өз бағдарламаларын әзірледі: магистратурада – Биомедицина, Денсаулық сақтаудағы менеджмент, Электрондық денсаулық сақтау, Жаһандық денсаулық, Эпидемиология, Денсаулық сақтаудағы психология, Фармациядағы косметология, докторантурада – Мейірбике ғылымы. Сонымен қатар, университет ҚБТУ-мен бірге «Биоинформатика» магистратура бағдарламасын жүзеге асырады.
Сондай-ақ, жоғары оқу орнында студенттерге Санкт-Петербург химия-фармацевтикалық университетімен бірге қос диплом беру жоспарлануда. Біздің университет пен University of Information technology and management in Rzeszow, Poland арасында Фармацевтикалық косметология бойынша жаңа білім беру бағдарламасы басталды.
Бұдан басқа, ҚазҰМУ студенттері американдық ЖОО дипломын ала алады. Олар «қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін UA SUNY (АҚШ) университетімен бірге алады, онда олар бір жыл оқиды.
ҚазҰМУ-да 10 378 студент білім алады: интерндер, резиденттер, магистранттар және PHD-докторанттар.
Профессор-оқытушылар құрамында 1589 қызметкер бар. Әлемнің 16 елінен 1773 шетелдік студенттер оқиды. Бакалавриатта – 7564, интернатурада – 1832, магистратурада – 164, докторантурада – 133, резидентурада – 685 білім алушы бар.
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті еліміздің жетекші медициналық жоғары оқу орындарының бірі болып табылады. Білім ордасынан түлеп ұшқан түлектердің арасынан сегіз денсаулық сақтау министрі, Жоғарғы Кеңестің 16 депутаты, бес Социалистік Еңбек Ері, бір Халық Қаһарманы, екі Кеңес Одағының Батыры, екі генерал, екі олимпиада чемпионы шыққан. Университеттің 11 түлегі облыстық денсаулық сақтау басқармаларын басқарған. Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов университеттің түлегі болып табылады.
ҚазҰМУ-да еліміздің белгілі ғалым-педагогтары, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының, Ресей медицина ғылымдары академиясының, ҚР Профилактикалық медицина академиясының, халықаралық академиялардың академиктері, еңбек сіңірген білім мен ғылым қайраткерлері, дәрігерлер мен фармацевттер жұмыс істейді.