Санжар Асфендияровқа ескерткіш тақта орнатылды
Алматы облысында ғалым, қазақтан шыққан алғашқы кәсіби дәрігерлердің бірі Санжар Асфендияровқа ескерткіш тақта орнатылды. Биыл көрнекті қайраткердің туғанына 135 жыл.
Санжар Асфендияров 1938 жылы Кеңес үкіметі тұсында ату жазасына жазықсыз кесілді. Ұлы тұлға Жаңалық ауылында, саяси қуғын сүргін құрбандарына арналған музейдің аумағында жерленген. Ескерткіш тақта ғалымға топырақ бұйырған жерге қойылды. Жиналғандар Санжар Асфендияровтың ғылым мен медицинаға қосқан үлесі туралы ой бөлісті. Содан соң саяси-қуғын сүргін құрбандары музейінде ұйымдастырылған көрмемен танысты. Көпшілік назарына ғұламаның ұстаған бұйымдары, қолжазбалары мен фотосуреттері қойылды. Мәселен мына жазу машинасы мен орындықты Санжар Асфендияров шамамен 1930 жылдары пайдаланған.
Бақанай Амантаев, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ тарихи музейінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты:
Музейде Асфендияров бұрышы бар. Оның отырған орындығы, оның отырған столы, оның шкаф сөресі деген сияқты. Университетімізге түскен оқушы сол музеймен танысады. Ол кісінің кім екенін түсінеді. Оны білмей, медицина баспалдағына көтерілуге болмайды.