Санкт-Петербургтен келген неонатолог дәрігер Алматыда медбикелер үшін мастер-класс өткізді
Санкт-Петербург мемлекеттік педиатриялық медицина университетінің неврология және акушер-гинекология курстары бар неонатология кафедрасының доценті Лариса Федорова Алматыда медбикелерге «Стационарлық, амбулаторлық және үй жағдайында шала туған нәрестелерді күтудегі мейірбикелік технологиялар» шеберлік сабағын өткізді.
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің қосымша және кәсіптік білім беру институты шеберлік сабақтарын денсаулық сақтау саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру аясында ұйымдастырды.
Лариса Федорова – жалпы еңбек өтілі 37 жылдан астам дәрігер. Ол неонаталдық неврология бойынша авторлық циклдар мен вебинарлардың («Шала туылған нәрестелердің катамнезі», «Неонаталдық кезеңдегі неврологиялық жағдайлар», «Перинаталдық энцефалопатия: мифтер мен шындық» және т.б.) әзірлеушісі. Перинаталдық медицина мамандары қауымдастығының мүшесі. 100-ден астам ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектердің, монографиялардың авторы.
Оқыту 2023 жылдың 6 қарашасы мен 10 қарашасы аралығында «№10 Қалалық емхана» ШЖҚ МКК базасында өтті. Оған Алматы қаласындағы перзентхана, емхана және балалар ауруханаларынан 25 медбике қатысты.
Шеберлік сабақтары келесі тақырыптарды қамтыды:
– шала туған нәрестелерді емізу нормалары, жылу режимі
– «жылу тізбегін» құру әдістері
– шала туған нәрестелерге арналған тамақтану терапиясы
– энтеральды тамақтану әдістері және т.б.
Емхана бөлімшесінің жағдайында психомоторлы даму ерекшеліктерін ескере отырып, заманауи массаж және гимнастика әдістерін қолдана отырып, шала туған нәрестені оңалтуда жаңа тәсілдер әзірленді. Мастер-класс барысында шала туылған нәрестелерді күтудің психологиялық аспектілеріне және осы жағдайларға арналған «ана-бала» моделін құру технологияларына көп көңіл бөлінді.