Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ: ҚазҰМУ студенттері адалдықты таңдайды
2025 жылғы 28 наурызда С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Тарих музейінде «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ» атты тәрбиелік іс-шара өтті. Шараны Қалыпты физиология кафедрасының оқытушылары — профессор ассистенттері Жүністай Д.Д., Әліпбекова А.С. және ассистент Ким Ә.А. ұйымдастырды. Іс-шараға биофизика пәнінің студенттері және ҚазҰМУ-дың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметінің жетекшісі Әнуар Ә.Ә. қатысты.
Медицина саласында еңбек ететін маман — тек кәсіби білімді ғана емес, сонымен қатар жоғары адамгершілік ұстанымдарға ие тұлға болуы тиіс. Болашақ дәрігердің бойында адалдық, әділеттілік және жауапкершілік қасиеттерінің болуы — халықтың сенімін ақтаудың негізгі шарты. Осы орайда өткен шарада студенттермен ашық пікір алмасу ұйымдастырылып, сыбайлас жемқорлықтың медицина саласына тигізер зияны мен оған қарсы күрестің маңыздылығы кеңінен талқыланды.
Жиын барысында қатысушылар заманауи маманның сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік ұстанымын қалыптастыру, академиялық адалдықты сақтау және кәсіби этиканы меңгеру туралы ой-пікірлерімен бөлісті. Студенттер белсенділік танытып, өз көзқарастарын ортаға салды. Олар адалдық пен ашықтық тек қағаз жүзіндегі ұғым емес, дәрігер кәсібінің мәні мен миссиясының ажырамас бөлігі екенін атап өтті.
ҚазҰМУ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Университет жанындағы комплаенс-қызмет 2025 жылдың басынан бері 20-дан астам іс-шара ұйымдастырған. Бұл кездесулердің мақсаты — студенттер мен оқытушылар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайту және этикалық нормаларға деген жауапты көзқарас қалыптастыру.
«Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ» атты кездесу — студенттерді терең ойға жетелеген, оларды кәсіби болашақтарына жаңаша көзқараспен қарауға итермелеген маңызды бастама болды. Мұндай іс-шаралар университет қабырғасында адалдыққа негізделген орта қалыптастырып, нағыз кәсіби әрі ұстанымы берік мамандарды даярлауға сеп болады.
ҚазҰМУ болашақ дәрігерлердің бойында заңға және моральдық қағидаларға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру арқылы елдің денсаулық сақтау саласын сенімді қолда ұстайтын жаңа буынды тәрбиелеуде.