Тілі бірдің – тілегі бір
2018 жылдың 26 сәуірінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мемлекеттік тілді дамыту мақсатында С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ мен Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен өзгетілді студенттері арасында «Тілі бірдің – тілегі бір» атты іс-шара өтті.
Іс-шараның мақсаты – қазақстандық өзге ұлт өкілдерімен қатар шетелдік студенттердің де мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттыру, олардың қазақ тіліне деген құрметтерін ояту, ұлттар арасындағы достықты насихаттау. Қазақ тілін меңгеру арқылы олар қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, салт- дәстүрі туралы мағлұмат алады. «Тілге – құрмет, елге – құрмет» дейді қазақ халқы. Біздің елімізде оқып жатқан шетелдік студенттердің бұл іс-шараға қатысуы олардың қазақ тіліне деген құрметтерін білдіреді.
С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың мұражайында өткен кеште студенттер әр түрлі викториналық және грамматикалық сұрақтарға жауап берді, қазақ халқының салт-дәстүріне байланысты сөздерді қандай деңгейде білетіндіктерін көрсетті. Әр түрлі ойын түрінде өткен мұндай тапсырмаларға студенттер үлкен қызығушылықпен, белсене орындады.
Кеш соңында қазақстандық студенттер үнді тілінде тамылжыта шырқаса, Үндістаннан келген студенттер қазақша ән салды. Қазақ тілі және кәсіби қазақ тілі кафедрасының доценті Т.Қ.Зайсанбаев студенттерге Абайдың әні «Айттым сәлем Қаламқасты» орындап берді.
Кешті ұйымдастыруға ҚазМПУ-дың аға оқытушысы А.А.Сәтбекова, С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ қазақ тілі және кәсіби қазақ тілі кафедрасының аға оқытушысы А.Т.Рахымбаева, осы кафедра доценті Т.Қ.Зайсанбаев және халықаралық медицина факультеті деканаты мен жалпы медицина факультеті 16-040-02 тобы студенттері белсене қатысты.
Өте жоғары деңгейде өткен іс-шараның тәрбиелік мәні зор болды.