Тіс саулығы туралы ортодонт-дәрігер Руслан Құлманбетовпен сұхбат
Заманауи медицинаның барлық жетістіктеріне қарамастан, тіс ауруының алдын-алу әлі де тіс саулығын сақтаудың ең жақсы әдістерінің бірі болып табылады. Алдымен «Әдемі күлімсіреу» дегеніміз не? Дегенмен, сол әдемілікке ұмтылу көп адамдар біле бермейтін тәуекелдерге тұрарлық па? Сүт тістерін емдеу қаншалықты маңызды және бала тісінің саулығы неге байланысты?
Құлманбетов Руслан Исатайұлы С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ортопедиялық стоматология кафедрасының доценті болып қызмет атқарады. Әке ізін жалғастырушы тіс дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты, 80 астам ғылыми мақалалардың, 3 өнертабыс патентінің және 3 авторлық куәліктің авторы.
17 жыл педагогикалық және 24 жыл дәрігерлік еңбек өтілі бар маман ерте жастан бастап тіс саулығына қалай күтім жасау туралы сұрақтарға жауап берді.
Руслан Исатайұлы, стоматологияға жолыңыз қалай түсті және мамандықты қалай таңдағаныңыз жайлы айтып өтсеңіз?
Мені стоматологияға әкем ортопедиялық стоматология кафедрасының профессоры, жоғары санатты дәрігер-стоматолог Құлманбетов Исатай Азимович алып келді. Ол медициналық және оқытушылық қызметінен басқа, Қазақстан Журналистер Одағының және терминологиялық комиссияның мүшесі болды. ҚазҰМУ-дың тіл саясатының бастығы лауазымындағы оның қызметі кезінде мемлекеттік тіл бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында үштілділікті енгізу бойынша жұмыс белсенді түрде жолға қойылды. Сонымен қатар, ол саясатпен белсенді айналысты, профессор-оқытушылар құрам мен студент жастар арасында идеологиялық, тәрбие жұмыстарын үнемі жүргізіп отырды. Әрине, ол маған үлкен үлгі-өнеге болды.
Мен бала кезімнен қолмен жұмыс жасағанды ұнататынмын, бірдеңелер жасайтынмын, өзгертемін, жөндеймін. Мені осы тіс дәрігері ретінде жұмыс істеуге әкелді деп ойлаймын. 1990 жылдардың соңы мен 2000 жылдардың басында ортодонтия қарқынды дами бастады. Менің әкемнен бастап барлық оқытушыларыммен жолым болды. Өмір жолымда өте тәжірибелі және құрметті ортодонт дәрігер Мамедова Гүлнар Мамедовна сынды оқытушым болды. Ол «Бану» клиникасында ұзақ уақыт жұмыс істеді, қазір клиника AMDgroup деп аталады. Тағы бір оқытушым доцент, м.ғ.к., Қазақстан ортодонтиясының анасы Телебаева Гүлшаш Телебаева болды. Ол клиникалық ординатурада тәлімгерім болды.
ҚазҰМУ, сөзсіз, үздік медициналық кадрлардың Алма-матері болып табылады. Сіз университеттің стоматология саласындағы қандай артықшылықтары туралы айта аласыз?
Қазақ ұлттық медицина университетінің стоматолог-түлектерінің мансабы өте табысты. Олардың арасында жетекші университеттердің ректорлары, табысты кәсіпкерлер, «Добродент» және Ortholiner сынды өз клиникаларын ашқандар бар. Мұндай жетістіктер жайлы мысалдар көп, мен олардың жетістіктерін мақтан тұтамын.
Университет білім берудің әлеуетін дамытуға, жаңа медициналық кадрларды даярлауға белсенді инвестиция жасайды, студенттерді оқыту үшін үздік мамандарды тартады. 2021 жылы ҚазҰМУ-да стоматологтарға арналған жаңа Симуляциялық орталық ашылды, оның баламасы Қазақстанның бірде-бір медициналық оқу орнында жоқ. Енді студенттер Virteasy Classroom және Voxel-Man Dental сынды тренажерлерді қолдана алады, бұл тіс дәрігерлерінің жұмысын орындауға, қол ептілігі мен проблемаларды шешу дағдыларын үйренуге мол мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда тіс дәрігерлерінің мансабы мен жұмысқа орналасуы тұрғысынан не өзгерді?
Қазір тіс дәрігерлерінің тапшылығы жоқ. Бәсекелестік айтарлықтай артқан деп айта аламын, сондықтан болашақ мамандар тек үздіктердің үздігі ғана жетістікке жететінін түсінуі қажет. КСРО кезіндегідей мемлекеттің аймақтарда мамандарға деген нақты қажеттілікті анықтаған кезде бөлу қазір жоқ, көбінесе түлектер Алматы мен Астана қалаларында жұмыс істеуге қалады, бұл одан да үлкен бәсекелестікке әкеледі.
Бұл ретте, Қазақстанның шалғай өңірлерінде стоматологиялық қызметтерге сұраныс өте көп. Мұны біз қатысқан «Саламатты Қазақстан» пойызының табысты жұмыс тәжірибесі көрсетті. Өңірлерде тұратын адамдарға стоматологтар қажет, Қазақстан өңірлерінде 700 медициналық нысан салу мен ауыл медицинасын дамыту жоспарына байланысты қаржыландыру мен жалақы мәселесі шешіледі деп сенемін.
Тағы бір тренд – шығыс материалдарының бағасының көтерілуі және бұл өз тұрғысында көрсетілетін қызметтердің бағасының өсуіне әкеледі. Бірақ өз ісінің нағыз шеберлеріне сұраныс әрдайым болады. Қаржы жағынан да еш қиындықтар болмайды. Әрине, жас түлектер алдымен тұтынушыларды жинау және беделге ие болу үшін мол тәжірибе жинауға мәжбүр болады.
Тіс саулығы ерте жастан сақталу қажет. Бұл орайда көп нәрсе ата-аналарға байланысты болады. Сіз қандай кеңестер бересіз?
Мен тіпті бала кезінен емес, бала туылғанға дейін, әйелдер консультациясында, жүктілік барысында, ұрықтың дамуында эмаль мен тістердің құрылымына әсер етеді деп айтар едім. Жас аналар экология, қоршаған орта, азық-түлік, дәрі-дәрмектердің, әсіресе антибиотиктердің әсері жайлы білуі қажет. Бізде стоматологиялық аурулардың алдын-алу үрдісі жақсы дамыған болуы қажет, бұл балалар стоматологиясындағы проблемалардың төмендеуіне айтарлықтай әсер етеді.
Балалар қанша жастан бастап тістерін өздері тазалай алады?
Бір жасқа дейін, ана сүтімен емізгеннен кейін аналар қайнаған жылы суға малынған дәкемен қызыл иекті сүртуі қажет. Ал сүт тістері шыққан сәттен бастап балалар тістерін өздері тазалай бастайды. Балалар жылына кем дегенде бір рет тіс дәрігерінене қаралуы қажет. Бұрын мектептерде көп балаларды қамтитын стоматологиялық кабинеттер болған. Қазір олар жоқ, алып тастаған. Менің ойымша, бұл тәжірибені қайтарған жөн. Тіс ауруының алдын-алу емдеуге қарағанда әлдеқайда арзанырақ түспек.
Біз «ана сүтімен емізу» дедік, дегенмен аналар көбінесе бұл тәжірибеден бас тартады. Бұл тақырып төңірегінде ұстанымдар көп. Ортодонт ретінде қандай ойыңыз бар?
Ана сүтімен емізу – бұл табиғи процесс. Балаға жаттығу қажет, сору қозғалыстарымен табиғи жүктеме жүреді және жақтың өсуін ынталандырады, ал жасанды тамақтандыру барысында емізік саңылауынан сүт немесе қоспа құйылады. Балаға еңбектенудің еш қажеті жоқ, жақ, әсіресе төменгі жақ дамымайды. Нәтижесінде, баланың иегі кішілеу болып дамуы мүмкін.
Жалпы, бізде Батыс елдерінің үлгісіндегі жұмсақ тағамға теріс тренд байқалады. Еуропалықтар тазартылған тағамдарды, жартылай фабрикаттарды, тартылған ет түрінде, шайнаудың қажеті жоқ бөліктерді сатып алады. Шайнау жүктемесі болмаған жағдайда адамның жағы өспейді, демек, бүйірлік азу тістердің, премолярлардың аномалиялары және өте жиі кездесетін туа біткен адентия пайда болады.
Мен өз науқастарыма, әсіресе балаларға – қазақ диетасын ұсынамын. Бала ет, қатты нан, тіс эмаліне пайдалы құрт сияқты қатты тағамдарды жегенде, сүйектерді кеміріп, сүт және басқа ашытылған сүт өнімдерін ішкенде – олардың жақтарының өсуінде және тістерінде проблемалары аз болады.
Сүт тістері мен даналық тістері. Оларға қалай күтім жасау қажет?
Жеті рет өлшеп, бір рет кес. Бұл принцип стоматологияда да жақсы қолданылады. Мен жоғарыда жас мамандар тәжірибе жинау үшін қызмет көрсетеді деп айтып өттім. Білімі, тәжірибесі, ақыл парасаты аз – барлық жұмысқа кіріседі. Ең дұрысы – коммерциялық көзқарасты емес, өз мамандығына адал тіс дәрігеріне жүгіну және одан үйрену орынды. Себебі, ауырсынулар мен қолайсыздықтар, денсаулыққа әсерін ғана емес, сонымен қатар бет асимметриясының даму қаупін ескеру қажет. Болашақта науқас импланттарды қою үшін жақ сүйегіндегі орындарды қайта ашуға мәжбүр болады.
Сүт тістерін ерте жұлу жақ-бет аппаратының дамуына да әсер етеді. Мұны барлық ата-аналар түсіне бермейді, тісті жұлып тастағаннан кейін жақтың ығысуы және дұрыс жетілмеуі болмау үшін пластиналық аппараттар немесе басқа құрылғылар кимейді. Жақсы маман іздеу қажет, қазір, өкінішке орай, коммерциялық медицина, дәрігерлер бірінші кезекте дәрігер, содан кейін кәсіпкерлер екенін ұмытпағаны абзал.
Біз эстетика жайлы сөз қозғаған соң, тістерді ағарту және винирлер туралы не айтар едіңіз?
Қазір тісті ағартудың көптеген әдістері бар. Тісті табиғи түсіне дейін ағарту эмальға зиянсыз, ал өз түсінен гөрі ағарту біраз уақыттан кейін қайта ағарту қажеттілігі және жоғары сезімталдық сынды асқынуларға толы болмақ. Сау тістердің түсі аппақ емес, аздап сарғыштығы бар екенін түсіну маңызды, бұл олардың кальций, фосфор және т.б. сияқты минералдармен қанықтылығын көрсетеді. Сау тістің үш түсі болады: қызыл иектің тіс мойны сары, экватор немесе тістің ортасы ақ, ал тістің кесу қыры түссіз, ал адамдар әлеуметтік желілердегі сәнге ұмтылғандықтан, табиғи емес аппақ тістерге ие болғысы келеді.
Винирлерге, люминирлерге сән біртіндеп өтеді. Басында имплантация қарқынды дамыды, бірақ қазір тәжірибелі дәрігерлер пайда табу үшін барлығына имплантация жасамайды, қазір оны орнатпас бұрын асқыну тәуекелдері мұқият талданады. Винирлер сұлулыққа эстетикаға жақсы, бірақ науқастар қайталама кариестің пайда болуына шағымданады, винирлердің астындағы дентин жұмсарады. Біз қаншалықты барлық протоколдарды қолдана отырып, винирлерді герметикалық бекітсек те, уақыт өте келе агрессивті ауыз сұйықтығы винирлердің астына түседі, ал тіс эмалі босатылғандықтан, тістер адамды мазалай бастайды.
Егер сіз болашаққа ойласаңыз, онда, әрине, табиғи тістер жасанды тістерге қарағанда әлдеқайда жақсы. Себебі, олар жансыз болады. Бұл ата-аналарымыздың алтын тістер салдыруға ұмтылғанындай, дәл қазір винирлер, люминирлер тренді жүріп жатыр. Олар аппақ тістерді қалайды, бірақ кез-келген медициналық араласу салдарсыз қалмайтынын ескерген жөн.
Винирлер тістерде қандай да бір ақаулар болған, егер тіс емделген, түсі өзгерген жағдайда көмектеседі. Мәселен, оңтүстік аймақтардан келгендердің тістері фтордың шамадан тыс болуына байланысты сарғайып кетеді. Бұл тіс ауруы – флюороз деп аталады. Оған тісті пломбалау да, ағарту да көмектеспейді. Эмальдың барлық тереңдігі сары болып шығады. Эстетикалық тұрғыдан әрине, ұсқынсыз көрінеді. Осы жағдайда винирлер көмектеседі. Ал, сәнге ұмтылып, сау тістерді егеу менің ойымша, ақылға қонымсыз жағдай.
Бұдан әрі сүйекті шайнауға да, қатты затты тістеуге де болмайды. Сақтықпен күтім жасау қажет, өйткені ол табиғи тістер емес, сынып қалуы мүмкін. Тіпті кәуап жей алмайды. Жаңғақтар, шекілдеуіктер де болмайды. Винирлер мүмкін біраз уақыт бәріне шыдап тұрар, кейін бәрібір бұзыла бастайды. Мен тісі сау жастарға винирлерді ұсынбас едім.
Ключевые слова:
https://news kaznmu edu kz/kaz/тіс-саулығы-туралы-ортодонт-дәрігер-р/