Қазақ ұлттық медицина университетінде «Қазіргі заманғы денсаулық сақтауды дамытудың жаһандық үрдістері» атты конференция өтуде
Алматы қаласында Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде «Қазіргі заманғы денсаулық сақтауды дамытудың жаһандық үрдістері» атты конференция басталды. Ол Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері және көрнекті дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, профессор Дүйсекеев Амангелді Дүйсекеұлының 80 жылдығына арналды. Конференцияда қаралған басты мәселелердің қатарына Қазақстанның өңірлерінде медицинаны және алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту қойылды.
«Бұл әсіресе МСАК жөніндегі Алматы декларациясының 45 жылдығы, Астана декларациясының 5 жылдығы және Дүниежүзілік денсаулық сақтау Ұйымының 70 жылдығы қарсаңында өте маңызды. Қазақстандық мамандардың бүкіл әлеммен бөлісу үшін білімі, біліктілігі, тәжірибесі де жеткілікті. Тағы бір айта кетерлігі, келесі жылы Астана қаласында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 73-ші өңірлік комитетінің өткізілуі осы декларацияларды атап өтумен ұштастырылмақ – деді ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов.
Амангелді Дүйсекеұлы Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы медицина саласындағы күрделі мәселелерді шешті. Оның күш-жігерімен денсаулық сақтаудың негізгі активтері сақталды.
«Қазақстан Сенаты атынан, жеке өз атымнан Қазақ ұлттық медицина университетіне осы конференцияны ұйымдастырғандарыңыз үшін алғысымды білдіруге рұқсат етіңіздер. Маған Амангелді Дүйсекеұлының қызметі үлкен үлгі болды және оның еңбегі медицина саласының жас ұйымдастырушылары, осы залдағы студенттер үшін де зор өнеге болады деген сенімдемін», – деді сенатор Ақмарал Әлназарова.
Конференция барысында шұғыл медициналық көмек көрсетудің өзекті мәселелеріне, оның ішінде стационардан тыс босану, клиникалық өлім кезіндегі көмекке қатысты баяндамалар ұсынылды. Сондай-ақ, дәрігерлік практикада симуляциялық технологияларды қолдану мәселелері қарастырылады. Сонымен қатар, конференцияда денсаулық сақтауды реформалау, инфекциялардың алдын алу, генетика және радиобиологтар мәселелері бойынша ғылыми баяндамалар тыңдалды. Конференцияға Ұлыбритания, Түркия, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінен шетелдік мамандар және Қазақстандық мамандар қатысты.