Қазақ ұлттық медицина университетінің ғылыми зерттеулері
2023 жылдан бастап Университеттің әрбір бөлімшесінің ғылыми орталықтары отандық гранттық қаржыландыру аясында жаңа стратегияларды әзірлеу және ғылыми бағдарламаларды орындау үшін белсенді түрде тартылатын болады. Экология саласында зерттеу жүргізуге жаңа зертханалар құру жоспарлануда. Сондай-ақ хроматография бойынша зертхана ашу жоспарлануда. Резидентурада гранттар санын ұлғайту арқылы дәрігерлерді даярлау сапасын арттыру мәселелері шешілуде.
Университет мұнымен тоқтамай, ғалымдарды материалдық ынталандыру шараларын үнемі енгізіп отырады, ғылыми зерттеулерге қаражат бөлінеді. Университет жоспарында ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландыру үшін технопарк құру бар. Оның негізінде студенттер ғылыми зерттеулерді ілгерілету үшін стартаптар құра алады, сонымен қатар медицинада ғылыми талдау жүргізу үшін қажетті мәліметтер депозитарийі құрылады.
Сонымен қатар ҚазҰМУ-да университет түлектерінің өзекті мәселелерін шешуге, жас мамандардың маңызды бастамаларын қолдауға бағытталған қаржы қаражатын шоғырландыру үшін Эндаумент қорын құру жоспарлануда. Қордың міндеттеріне білім беру сапасын арттыру, ғылыми зерттеулерді дамыту, дарынды жастарды қолдау, кадрлық әлеуетті дамыту және университет атауын және түлектерінің жетістігін насихаттау кіреді. Қор Университеттің ғылыми-білім беру әлеуетін дамытуға көмектеседі, оның есебінен инвестициялық жобаларды, ғылыми-зерттеу жұмыстарын, ҚазҰМУ білім алушылары мен ПОҚ стартап жобаларын қаржыландыру, сондай-ақ бизнес-қоғамдастықтармен тығыз диалог орнату арқылы ҚазҰМУ-дың нысаналы бағдарламаларын қаржылық қолдау жүзеге асырылатын болады.
ҚазҰМУ ғылымының дамуында 2009 жылы құрылған Б.А.Атчабаров атындағы іргелі медицина ғылыми-зерттеу институты маңызды рөл атқарады. Оның құрылымында виварий, эксперименттік фармакология орталығы, эксперименттік медицина зертханасы, ғылыми клиникалық-диагностикалық зертхана, халық денсаулығына қауіп-қатерді бағалау зертханасы, ұжымдық пайдалану орталығы, химия және фармакогнозияның ғылыми-практикалық бақылау-талдау зертханасы жұмыс істейді.
Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде 2021 жылдың желтоқсан айынан бастап инфрақұрылымы дамыған және толық жабдықталып жаңартылған және кеңейтілген геномдық зертхана жұмыс істейді.
Қазіргі уақытта зертхананың ауданы 536 шаршы метрді құрайды, өзінің сору-сыртқа тарату желдеткіш жүйесі бар оқшауланған таза бөлмелері бар.
Зертханада биологиялық үлгілерді тіркеуге, есепке алуға және сақтауға арналған ҚР аумағындағы жалғыз STC Compact ULT (LiCONiC AG компаниясы, Лихтенштейн) роботтандырылған жүйесі бар.
Дербестендірілген медицина бойынша бағдарламалық нысаналы қаржыландыру аясында осы жабдықтың көмегімен генетикалық қауымдастықтарды іздеу және ауруларға бейімділіктің ықтимал маркерлерін анықтау мақсатында геномдарға талдау жүргізілетін болады.
Қазақ ұлттық медицина университеті 2023 жылдың маусым айында қатысушыларды қамтуы бойынша ауқымды «Аsfen.Forum, жаңа буын-2023» халықаралық жас ғалымдар форумын ұйымдастырды. Форум жас ұрпақтың шығармашылық қызметін шабыттандыру және ынталандыру мақсатында Денсаулық сақтау саласындағы зерттеулер туралы ақпарат, тәжірибе және нәтижелермен алмасу үшін академиялық қауымдастықтарды, зерттеушілер мен жас ғалымдарды біріктіруге бағытталды. Оған медицинаның әртүрлі салаларында және басқа да салаларда өздерінің инновациялық әзірлемелерін ұсынған 25 елдің жас ғалымдары қатысты.