Қазақ ұлттық медицина университетінің бүгіні мен тынысы
Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Марат Шоранов профессорлық-оқытушылар құрамымен өткен кездесуде университеттің бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталды.
Университет құрамында қазір 6 мектеп және 2 факультет бар. ҚазҰМУ-да 15,3 мың бакалавр, интерндер, резиденттер, магистранттар мен докторанттар білім алады. Университет Қазақстандағы шетелдік білім алушылардың үлкен үлесімен ерекшеленеді – әлемнің 31 елінен 2 740 шетелдік студент оқиды.
«ҚазҰМУ-дың корпоративтік жүйесі ғылым, білім және тәжірибе интеграциясының озық үлгісіне сәйкес келеді», – деді ол.
«С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ» КЕАҚ Университеттік клиникасы, «Ақсай» балалар орталығы, Ішкі аурулар орталығы, МСАК және диагностика орталығы және Б.Атчабаров атындағы іргелі және қолданбалы медицина ғылыми-зерттеу орталығы (институты) Қазақ ұлттық медицина университетінің бөлімшелері болып табылады.
Университеттің 5 еншілес ұйымы бар. Олар «А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ, Кардиология және ішкі аурулар ғылымы-зерттеу институттары, Онкология және радиология ҒЗИ, Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы және педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы.
ҚазҰМУ профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттерінің тәжірбиесі үшін 147 клиникалық база, оның ішінде 83 емхана, 53 стационар және 7 перзентхана бар.