Қазақ ұлттық медицина университетінде Ғылыми-технологиялық парк пен Альбина Котова атындағы зал ашылды
Ғылым күні қарсаңында Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Альбина Леоновна Котова залы мен ҚазҰМУ ғылыми-технологиялық паркінің салтанатты ашылуы өтті.
Технопаркті іске қосу идеясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың университет ғылымын жүйелі дамытудың маңыздылығы, инновациялық технологияларды экономикаға интеграциялау және еліміздің жоғары оқу орындарында бизнес-инкубаторларды, коммерцияландыру орталықтарын, технопарктер мен конструкторлық бюроларды құру туралы тапсырмасын орындау аясында іске асырылды. ҚазҰМУ технопаркі медицина саласындағы инновациялар мен денсаулық сақтау саласындағы білім беруді нығайтудың катализаторына айналады. Бұл стратегиялық қадам медицинадағы озық технологиялар мен зерттеулерді дамытуды қолдау және ілгерілету ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның медицина ғылымы, тәжірибе және білім беру саласындағы ұстанымын нығайта отырып, осы саладағы білім сапасын жақсартуға бағытталған.
«Өздеріңіз білетіндей, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев технопарктер құрудың маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. ҚазҰМУ ғылыми – технологиялық паркі жай ғимарат немесе зертханалар кешені емес. Бұл идеялар мен инновациялар тоғысатын, студенттер мен зерттеушілер өздерінің ең батыл жобаларын жүзеге асыра алатын орын, ал біздің мамандар, ғалымдар, лаборанттар және Эндаумент қорының өкілдері жаңашылдарға ғылыми идеяларын жүзеге асыруға қолдау білдіруге тартылған. Бұл әлемді жақсы жаққа өзгертетініне сенетін жаңа білім мен технологияларды жасау үшін ғылым, білім және өнеркәсіп бірігетін алаң. Ғылыми-технологиялық парктің ашылуы – инновациялар мен сапалы білім беруге ұмтылысымыздың дәлелі. Мұнда біз озық медициналық технологияларды дамытуды, денсаулық сақтаудың заманауи сын-қатерлерін шешуге көмектесетін зерттеулер жүргізуді жүзеге асырамыз және болашақ сын-қатерлерге дайын медициналық мамандардың болашақ буынын даярлаймыз», – деді ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов.
Технопарк құру идеясын жүзеге асыру барысында алдын ала 3 жоба әзірленіп, студенттер мен университет қызметкерлеріне дауыс беруге ұсынылды. ҚазҰМУ технопаркі университеттің барлық құрылымдарын біріктіреді: ғылым және жарияланымдық белсенділік бөлімін, ғылыми жобалар мен бағдарламаларды басқару бөлімін, технологияларды коммерцияландыру орталығын қамтитын Ғылым департаменті; Неврология және қолданбалы неврология оқу-ғылыми орталығы, Дата-орталық, Атчабаров атындағы Іргелі және қолданбалы медицина ғылыми-зерттеу институты, онда қазірдің өзінде 5 ірі заманауи зертхана нәтижелі жұмыс істейді, Ғылыми-білім беру фармакопеялық орталығы және виварий. ҚазҰМУ ғылыми кітапханасы да маңызды рөл атқарады. Технопарк құрамына сонымен қатар бизнес-инкубатор, технологияларды коммерцияландыру орталығы және пилоттық өнеркәсіптік өндіріс бөлімі кіреді.
ҚазҰМУ Ғылыми-технологиялық паркі инноваторларды демеушілер мен инвесторлармен үйлестіруге арналған «KAZNMU ENDOWMENT» қоғамдық қорымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс жасайды. Қор нақты жобаның инвестициялық тартымдылығы бойынша сараптамалық қорытынды беру, оларды дамыту және коммерцияландыру перспективалары бойынша мақұлданған жобаларды үйлестіру, сондай-ақ қаржыландыру немесе сыртқы инвестицияларды тарту мүмкіндігі бойынша жұмыстарды қолға алатын болады. Технопарк құру жобасына демеушілер қолдау көрсетті. Инвесторлардың бірі қазақстандық ірі банктердің бірі болды.
«Біз бұл іс-шараға қатысып, білім беру саласын дамытуға өз үлесімізді қосқанымызға өте қуаныштымыз. Центр Кредит Банкі пен Санжар Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университеті ұзақ жылдар бойы сенімді және адал серіктесіміз болып келеді. Білім беру – еліміздің дамуының маңызды элементі және біз бұл саланы қолдау мүмкіндігін мақтан тұтамыз. Профессор А.Котова атындағы жаңа зал денсаулық сақтау саласының жаңа мамандары үшін керемет оқу алаңы болатынына және университеттің жаңа белестерді бағындыруына септігін тигізетініне сенімдіміз», – деп атап өтті «Центр Кредит Банкі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жулдыз Қайржанова.
ҚазҰМУ технопаркі Қазақстандағы микробиология мектебінің негізін қалаушы және ұйымдастырушы, Қазақстан Республикасы клиникалық және іргелі пән ғылым академиясының академигі, ҚазҰМУ «Алтын қор» мүшесі, көрнекті ұстаз, медицина ғылымдарының докторы, профессор – Альбина Леоновна Котова атындағы жаңа дәріс залында жұмыс істейтін болады. Оның ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында еліміздегі көптеген медициналық жоғары оқу орындарында студенттерін медициналық мамандықтар бойынша даярлау үшін микробиология кафедралары ашылып, республиканы ғылыми-педагогикалық кадрлармен қамтамасыз ету үшін оқытушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстары ұйымдастырылды. Студенттер мен оқытушыларды «Клиникалық микробиология» және «Медициналық паразитология» циклдары бойынша оқыту енгізілді. Альбина Леоновна еңбек жолының көп бөлігін ғылыми-зерттеу жұмыстарына арнады. Ол АММИ Орталық ғылыми-зерттеу зертханасының (ҚазҰМУ) микробиологиялық зертханасының негізін қалаушы және бірінші директоры, оның негізінде ҚазҰМУ 112 қызметкері диссертациялар дайындады (докторлық және кандидаттық дәрежелер). Альбина Котова 9 жыл бойы «Туберкулез және басқа да жұқпалы аурулар кезіндегі эпидемиологияның, профилактиканың, диагностиканың ғылыми негіздері» ғылыми-проблемалық комиссиясының жұмысын басқарды. Ол диссертацияларды алдын ала қорғауды қамтамасыз ете отырып, ондаған докторлық және кандидаттық диссертацияларға талдау жасады. Оның тікелей жетекшілігімен 53 жоғары білікті мамандар даярланды – (7 доктор, 46 медицина ғылымдарының кандидаты).
Жаңа залдың ашылуына Альбина Леоновнаның отбасы ерекше үлес қосты. Бас демеуші профессор Котованың немересі – PromoItalia клиникасының меңгерушісі және ҚазҰМУ пластикалық хирургия, эстетикалық медицина және лазерлік косметология кафедрасының меңгерушісі Леон Павлович Дерябин болды.
«Мен анам осы университет қабырғасында бақытты болғанын білемін. Сіздерді осы тамаша, заманауи залдың ашылуымен құттықтаймын және осында көптеген қызықты дәрістер өткізулеріңізге тілектеспін. Батыл ғылыми идеялар мен әзірлемелерді жүзеге асыратын осындай технопаркке анамыздың есімі берілгеніне алғысымыз шексіз. Сіздерге үлкен рахмет», – деді Альбина Леоновнаның қызы, медицина ғылымдарының кандидаты, профессор Дерябина Лидия Владимировна.
Қазақ ұлттық медицина университетіндегі Технопарк – академиялық және ғылыми ресурстарды өндірістік және коммерциялық мүмкіндіктермен біріктіретін инновациялық орталық болып табылады. Бұл орын академиялық және зерттеу топтары, стартаптар, фармацевтикалық компаниялар және инновациялық экожүйенің басқа қатысушылары арасындағы ынтымақтастыққа ықпал етеді. ҚазҰМУ технопаркінің ашылуы бұл еліміздің ғылыми және медициналық инновациялардың жаһандық қауымдастығындағы рөлін нығайта отырып және білім мен инновацияның жоғары деңгейіне ұмтылысымызды дәлелдейтін Қазақстандағы медициналық білім мен ғылымды дамытудағы маңызды қадам болып табылады.