Қазақстан хирургиясының тарихындағы маңызды белес: Сызғанов атындағы ғылыми орталықтың 80 жылдығы
Алматыда академик Александр Николаевич Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының 80 жылдығы аталып өтті. Бұл орталық профессордың бастамасымен соғыстан кейінгі жылдары қалпына келтіру хирургиясы госпиталі мен Алматы медициналық институтының жалпы хирургия кафедрасы негізінде құрылған. Бүгінде ол Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің маңызды құрылымдық ұйымдарының бірі саналады.
Салтанатты жиынға ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, жетекші жоғары оқу орындарының басшылары, белгілі хирургтар мен ғалымдар қатысты. Мерейтой аясында орталықтың дәрігерлеріне, хирургтарына және қызметкерлеріне ведомстволық марапаттар табысталды.
ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов өз құттықтау сөзінде орталықтың тарихы – ерлік пен кәсібиліктің, мыңдаған құтқарылған өмір мен қазақстандық хирургия мектебінің бірнеше буын өкілдерін тәрбиелеудің айқын көрінісі екенін атап өтті.
«Бүгінде орталық дәстүрге адал бола отырып, жаңа технологияларды меңгеріп, халықаралық аренада өз беделін нығайтып келеді. Бұл таңдалған жолдың дұрыстығын дәлелдейтін айқын көрсеткіш. Алда жаңа белестер мен жаңа жетістіктер, барлығы да халқымыздың денсаулығы үшін», – деп атап өтті ректор.
Мерейтойға арналған IX Қазақстан хирургтарының конгресі 15-тен астам елден келген ғалымдарды жинады. Бұл – хирургияның нағыз халықаралық ғылым екенін, адамдарды ортақ мақсат – адам өмірін сақтап қалу жолында біріктіретінін айғақтайды.
А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы бүгінгі таңда әлемдік деңгейдегі жетекші орталықтардағыдай барлық диагностикалық және емдеу түрлерін жүзеге асырады. Мұнда ағза трансплантациясы, кесілген аяқ-қолды қайта тігу, қансыз лазерлік және тамырішілік әдістер қолданылады. Жыл сайын орталықта шамамен 6000 ота жасалып, 200 мыңға жуық диагностикалық қызмет көрсетіледі. Орталыққа тек Қазақстаннан ғана емес, алыс-жақын шетелдерден де науқастар келеді.