Қазақстанның үздік кардиохирургтарының бірі ҚазҰМУ студенттерімен кездесу өткізді
Рақышев Бауыржан Алдабергенұлы – кардиохирург, жоғары санатты дәрігер, А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасының» жеңімпазы, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ студенттерімен кездесу өткізді.
Он жылдан астам уақыт бойы ол адамдардың жүрегін сақтап келеді. Жұмыс уақытының көп бөлігі – операциялық үстелінде өтеді десек артық емес. Алматылық кардиохирург Бауыржан Рақышев командамен бірге күніне бірнеше жүрекке операция жасайды. Алайда, өзінің тығыз жұмыс кестесіне қарамастан, Бауыржан Алдабергенұлы еліміздің жетекші медициналық ЖОО-ның болашақ дәрігерлерімен кездесуге уақыт тапты. Танымал кардиохирург өз тәжірибесімен бөлісіп, ҚазҰМУ студенттеріне құнды кеңестер берді.
Бауыржан Рақышев С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін бітірген. Содан кейін «Болашақ» бағдарламасы бойынша Мәскеудегі А.Н.Бакулев атындағы Ұлттық жүрек-қан тамырлары хирургиясы зерттеу орталығында білім алған. 2012 жылдан бері барлық күш-жігері мен білімін отандық медицина дамытуға арнап келеді. 2019 жылы жас дәрігер ҚР Денсаулық сақтау министрінің алғыс хатын иеленіп, «100 жаңа ұрпақ» жобасының жеңімпазы атанды.
Студенттер кардиохирургтың әңгімесін қызығушылықпен тыңдап, көкейлеріндегі сұрақтарға жауап алды.