ҚазҰМУ «Атамекен» білім беру бағдарламалары рейтингінде жоғары орынға ие болды
Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің білім беру бағдарламалары «Атамекен» ҰКП рейтингінде бірінші және екінші орындарды иеленді.
Қазақ ұлттық медицина университетінің «Жалпы медицина – 5В130100» білім беру бағдарламасы Қазақстандағы тоғыздың арасында үздік деп танылды. Қарағанды медицина университеті мен Қазақстан-Ресей медициналық университеті екінші және үшінші орындарға ие болды. ҚазҰМУ-да бұл білім беру бағдарламасы бойынша түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі 97 пайызды құрады, орташа жұмыс іздеу уақыты 2,6 ай және орташа еңбекақы шамамен 250 мың теңге.
Сондай-ақ, ҚазҰМУ «Фармация – 5В110300», «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» және «Мейірбике ісі – 5В110100» ББ бойынша бірінші орындарға ие болды. Бұл білім беру бағдарлама бойынша ҚазҰМУ Қарағанды медицина университетінен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен және Қазақстан-Ресей медицина университетінен озып отыр.
«Атамекен» рейтингінде екінші орынды ҚазҰМУ «Стоматология» және «Қоғамдық денсаулық сақтау» ББ иеленді.
Рейтингке 2090 білім беру бағдарламасын қамтитын 95 жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары бойынша барлығы 121 мамандық (рейтинг) қатысты. 100 235 түлек сарапталып, Қазақстанның барлық аймақтарынан 190-нан астам сала мамандары тартылды. Білім беру бағдарламаларын бағалау үшін 19 критерий қолданылды. Олардың ішінде түлектердің жұмысқа орналасуы мен еңбекақысы, сондай-ақ оқуды бітіргеннен кейін жұмысқа орналасу жылдамдығын талдау маңызды параметрлер болды. Тағы бір маңызды аспект білім беру бағдарламаларының мазмұнының өзектілігін бағалау болды.