ҚазҰМУ базасында клиникалық зерттеулер мен халықаралық ынтымақтастықты дамытуға арналған дөңгелек үстел өтті
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде «Клиникалық зерттеулер мен халықаралық ынтымақтастықты дамыту: университеттік экожүйе, жаһандық CRO және фармацевтикалық индустрия» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара университет басшылығын, жетекші ғалымдарды, ғылыми-клиникалық орталықтардың өкілдерін, сондай-ақ халықаралық фармацевтикалық индустрия мен жаһандық контракттық-зерттеу ұйымдарының (CRO) өкілдерін біріктірді. Дөңгелек үстел Қазақстандағы клиникалық зерттеулерді дамыту перспективаларын, университеттердің инновациялық экожүйені қалыптастырудағы рөлін және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.
Дөңгелек үстелдің ашылу сөзімен ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов сөз сөйлеп, клиникалық зерттеулердің медициналық ғылымды дамытудағы, денсаулық сақтау сапасын арттырудағы және инновацияларды клиникалық тәжірибеге енгізудегі стратегиялық маңызын атап өтті.
Іскерлік бағдарлама аясында ҚазҰМУ-дың клиникалық зерттеулер, инновациялар және коммерцияландыру саласындағы университеттік платформа ретіндегі рөлі, инфекциялық емес аурулардың алдын алу саласындағы ұлттық ғылыми зерттеулер, университеттің халықаралық клиникалық зерттеулерге қатысуы, сондай-ақ білім беру мен ғылыми қызметке жасанды интеллект шешімдерін енгізу мәселелері бойынша баяндамалар ұсынылды.
Дөңгелек үстел барысында халықаралық және индустриялық ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Іс-шараға Қазақстан аумағында қызмет атқаратын жетекші халықаралық фармацевтикалық компаниялардың өкілдері қатысты. Олардың қатарында Takeda, Pfizer, Novartis, Roche, Ipsen, Sandoz, Gedeon Richter, Bionorica, Olainfarm, Jadran, EVER Neuro Pharma және басқа да компаниялар бар. Бұл қатысу жаһандық фармацевтикалық индустрияның Қазақстандағы клиникалық зерттеулерді дамытуға жоғары қызығушылығын және елдің университеттері мен ғылыми-клиникалық орталықтарымен серіктестікті кеңейтуге дайын екенін көрсетті.
Клиникалық зерттеулерді ұйымдастырудың халықаралық тәжірибесі мен заманауи тәсілдері Tigermed жаһандық CRO компаниясының өкілдері тарапынан ұсынылды. Олар халықаралық көпорталықты зерттеулер аясындағы жаһандық зерттеу платформаларының мүмкіндіктері мен ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар клиникалық зерттеулерді дамыту заманауи медицинаның ілгерілеуінің, инновациялық емдеу әдістерін енгізудің және денсаулық сақтау сапасын арттырудың негізгі шарттарының бірі екенін атап өтті. Жаһандық CRO және фармацевтикалық компаниялармен халықаралық ынтымақтастық ұлттық ғылымды әлемдік зерттеу кеңістігіне интеграциялаудың және халықаралық стандарттарға сәйкестікті қамтамасыз етудің маңызды факторы ретінде айқындалды. Осы тұрғыда ҚазҰМУ халықаралық клиникалық зерттеулерді жүзеге асыруға және тұрақты ғылыми-инновациялық экожүйені қалыптастыруға арналған перспективалы университеттік платформа ретінде аталды.






















