ҚазҰМУ Басқарма төрағасы-Ректоры Марат Шорановтың Оңтүстік Корея Республикасына сапары
2025 жылғы 4 қарашада Сеул қаласында өтіп жатқан QS Higher Ed Summit: Asia Pacific 2025 халықаралық саммиті аясында «С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы – Ректоры Марат Едігеұлы Шоранов Корея Республикасының Пучхон қаласында орналасқан Сунчонхян университеті ауруханасына (Soon Chun Hyang University Hospital Bucheon) ресми сапар жасады.
Сапар барысында ректор профессор ДжонХо Мун, университет ауруханасының президенті, сондай-ақ халықаралық медициналық ынтымақтастық орталығының директоры Ким Хён Чоль және клиниканың жетекші құрылымдық бөлімдерінің өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында тараптар бұған дейін қол қойылған өзара түсіністік туралы Меморандум аясындағы ынтымақтастықты дамыту және серіктестік қатынастарды нығайту мәселелерін талқылады. Әсіресе, магистранттар мен MBA және EMBA бағдарламалары тыңдаушыларының Бучхон клиникасының базасында тағылымдамадан өтуі, бірлескен ғылыми және білім беру жобаларын жүзеге асыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Кездесу барысында ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов университет ауруханасының директоры, профессор ДжонХо Мунға халықаралық ынтымақтастық пен медициналық білім беруді дамытуға қосқан зор үлесі үшін ҚазҰМУ-дың құрметті профессоры атағын табыс етті.
Ресми бөлімнен кейін делегация клиника құрылымымен, оның заманауи инфрақұрылымымен, мамандандырылған орталықтарының қызметімен және симуляциялық оқыту мүмкіндіктерімен танысты.
Пучхон қаласындағы Сунчонхян университетінің ауруханасы Корея Республикасындағы ең ірі медициналық, білім беру және ғылыми орталықтардың бірі болып табылады. Ауруханада 957 төсек-орын, 31 бөлім және 16 мамандандырылған орталық бар. Клиника генетика, жасушалық терапия және шұғыл медициналық көмек бағыттарын белсенді түрде дамытады.
«Корея – ғылым, білім беру және клиникалық практиканы тиімді үйлестіре алған елдің үлгісі. Біз осындай серіктестіктерді дамыту арқылы студенттер мен оқытушыларымыздың үздік әлемдік тәжірибені меңгеру мүмкіндігін кеңейтеміз», — деді Марат Шоранов.




















