ҚазҰМУ-да Start Anatomy форумы өтті: жас ғалымдар анатомия саласындағы зерттеулерін ұсынды
С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да Start Anatomy форумы өтті. Бұл 35 жасқа дейінгі студенттер мен жас зерттеушілерге арналған ғылыми алаң. Қатысушылар өз баяндамаларын оқып, зерттеу жұмыстарын сарапшылар алқасына ұсынды.
Форум көрнекті қазақстандық анатом, педагог, академик Алшынбай Рахишевтің 95 жылдығына арналды. Оның есімі отандық медицина ғылымының тарихында ерекше орын алады. Ол алғашқы латын-орыс-қазақ анатомиялық терминдер сөздігін құрастырып, қазақ тіліндегі екі томдық анатомия оқулығын жазып, ұлттық медициналық терминологияның негізін қалады.
Форум бағдарламасында ғылыми баяндамалар, анатомияны оқытудың заманауи әдістері туралы пікірталастар және медициналық білім берудегі инновациялар талқыланды.
Академик Рахишев медицинада төмен энергиялы лазерлерді қолдану саласындағы алғашқы зерттеулермен де танымал. Оның ғылымға қосқан үлесі халықаралық деңгейде жоғары бағаланып, ол жұмсақ лазерді медицинада қолдануды зерттейтін дүниежүзілік қауымдастықтың құрметті президенті болып сайланған.






















