ҚазҰМУ-да Алғыс айту күні аталып өтті
Халқымыздың «Бірлік бар жерде тірлік бар», – деген дана сөзінде терең мағына жатыр. Осы дана сөздің айғағы ретінде С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ шаңырағы астында қазақ жастарымен бірге елімізде тұрып жатқан әртүрлі ұлт өкілдері және шетел студенттері тату-тәтті өмір сүріп, білім алуда.
Қазақстан халқы 2016 жылы тұңғыш рет Алғыс айту күнін атап өтті.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Алғыс айту күні туралы: «Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын Барлық этностардың бір біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», – деген болатын.
Үстіміздегі 2018 жылдың 1наурыз күні «Concordia» театрында Алғыс айту күніне орай «Қазақ жері-біздің ортақ үйіміз» атты мерекелік концерттік бағдарлама өткізілді. Концерттік бағдарламаның ұйымдастыру жұмысына Жастар саясаты басқармасы, Мәдени шығармашылық жобаларды іске асыру тобы, Орыс тілі және кәсіби орыс тілі, латын тілі курсымен кафедрасының оқытушылары мектеп, факультеттің өнерлі студенттері, ҚазҰМУ «Бірлік» кіші Ассамблеясының мүшелері бірігіп атсалысып, бір кісідей ұйымдаса білді. Мерекелік іс-шараның басында университетіміздің Стратегиялық және корпоративтік даму жөніндегі проректоры У.М.Датхаев ҚазҰМУ оқытушылары мен студенттерін Алғыс айту күнімен құттықтады.
Университет студенттері мерекелік концертте әлем халықтарының билері мен әндерін шырқап бар өнерлерін ортаға салды. Орыс тілі және кәсіби орыс тілі, латын тілі курсымен кафедрасының оқытушылары Г.Б.Киякова, Д..Б.Каимова, Г.С.Ермекбаева өнерлі студенттердің басын біріктіруде және сондай-ақ концерттің видеоролигі мен слайдын дайындауда Фармация мектебінің магистранты Олатаева Зухра көп еңбек сіңірді. Мәдени шығармашылық жобаларды іске асыру тобының қызметкерлері күнделікті дайындық және жалпы ұйымдастыру жұмыстарын жүргізді.
Халықаралық медицина факультетінің Үндістан елінен келген студенттері қазақ тілінде ән шырқап, би биледі. Мерекелік іс-шараға өз өнерлерін көрсетуде сырттан қонақтар шақырылды. Концерт барысында оқытушылар мен мектеп студентері өнерпаздарға қол соғып, қолдау көрсетіп отырды.
Мерекелік концерт университет студенттерінің бір-бірімен жақын танысуына өз септігін тигізе білді.
Жастар саясаты басқармасы, Мәдени шығармашылық жобаларды іске асыру тобы.