ҚазҰМУ-да бірінші курс студенттері мектеп декандарымен кездесті
2026 жылғы 1–3 қыркүйек аралығында С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде бағдарлау апталығы аясында бірінші курс студенттерінің мектеп декандарымен кездесулері өтті.
Кездесулер мына кесте бойынша ұйымдастырылды:
1 қыркүйек – Стоматология мектебі, Фармация мектебі, Медицина мектебі;
2 қыркүйек – Педиатрия мектебі, Қоғамдық денсаулық сақтау мектебі;
3 қыркүйек – Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру факультеті.
Кездесулер барысында студенттер мектеп басшылығымен танысып, білім беру бағдарламалары мен оқу үдерісінің қалай ұйымдастырылатыны туралы ақпарат алды. Оларға университеттің академиялық саясаты, білім алушылардың құқықтары мен міндеттері, кураторлар мен эдвайзерлердің жұмысы, сондай-ақ әлеуметтік-тәрбие бағытында атқарылатын шаралар түсіндірілді.
Жиындарда бірінші курс студенттерінің университет өміріне бейімделуі, оқу тәртібі және қоғамдық әрі сабақтан тыс іс-шараларға қатысу мүмкіндіктері де сөз болды.
Бағдарлама аясында студенттер университеттің 7-оқу корпусында орналасқан «Конкордия» студенттік театрымен де танысты.
















