ҚазҰМУ-да жас ғалымдардың II Халықаралық конгресі өтті
2025 жылғы 12 желтоқсанда ҚазҰМУ-да жас ғалымдардың II Халықаралық конгресі өтті. Ауқымды ғылыми жиынға Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы, жетекші клиникалар мен ғылыми орталықтардың өкілдері, сондай-ақ Қазақстан, АҚШ, Еуропа мен Азия елдерінің сарапшылары мен жас зерттеушілері қатысты.
ҚазҰМУ-дың бірінші проректоры Диляра Қайдарованың айтуынша, бұл конгресс университеттің ғылым экожүйесін дамыту және медицина, клиникалық практика мен цифрлық технологиялар тоғысындағы жаңа буын көшбасшыларын даярлау жөніндегі ұзақмерзімді стратегиясының маңызды бөлігі саналады.
Конгресс күн тәртібінің өзегінде – медицинадағы жасанды интеллект, биомедициналық мәліметтер, радиология және радиохирургия, нейрохирургия, кардиология мен онкология, регенеративті және ядролық медицина, қоғамдық денсаулық пен эпидемиология салаларындағы соңғы зерттеулер болды. Сонымен қатар, ҚР ҰҒА мен АҚШ Ұлттық ғылым, инженерия және медицина академияларының бірлескен жобасы – өмір туралы ғылымдар саласында деректерді басқару мәдениетін дамыту бастамасы ерекше назарға ілікті.
Конгресс ҚазҰМУ-дың ғылыми әлеуетінің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Университет National H-index Ranking рейтингінде еліміздегі медициналық жоғары оқу орындары арасында 1-орында, ал барлық университеттер арасында 4-орында тұр. 2025 жылы ҚазҰМУ зерттеушілері 366 ғылыми мақала жариялады, олардың 68 пайызы Q1–Q2 санатындағы журналдарда жарық көрген. Сондай-ақ, ғылыми жобаларға бөлінген қаржы көлемі 1,4 миллиард теңгеге жетті.
Жас ғалымдардың II Халықаралық конгресі жаңа ғылыми әріптестіктерге, гранттық бастамаларға және клиникалық практикаға енгізілетін, медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған жобаларға жол ашты.





















