ҚазҰМУ-да М.Мақатаевтың шығармашылығына арналған «Поэзия парағынан» атты поэтикалық-музыкалық қойылымының премьерасы өтті
Биылғы 2020 жылы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің құрылғанына 90 жыл толады. Университетіміздің 90 жылдық мерейтойы құрметіне әртүрлі тақырыпта, форматта іс-шаралар ұйымдастырылып өткізілуде. Осы орайда, 14 ақпан күні «Concordia» театрында қазақтың ақиық ақыны М.Мақатаевтың туған күніне орай, «Поэзия парағынан» атты поэтикалық-музыкалық қойылымының премьерасы өтті. Қойылым Жастар саясаты басқармасы, Мәдени-шығармашылық жобаларды іске асыру тобының ұйымдастыруымен іске асырылды. Оқу орнымызда жастардың рухани және мәдени-шығармашылығын дамыту бойынша үнемі жан-жақты ізденістер, жаңа жобалар іске асырылып, әкімшілік тарапынан қолдау көрсетіліп отырылады.
Студенттік өмір ең есте қаларлық қызықты да әдемі шақ. Осы шақ жастардың нағыз жалындап тұрған кезі. Біздің мақсатымыз да осы жалынды жастарға унививерситет қабырғасында оқып жүрген шағында мәдени-рухани өсуіне, білім беруде жан-жақты қолдау көрсетіп, бала кезіндегі алған тәрбиесін ары қарай дамытып, үлкен жолға бағыттау.
Жастарды әдемілікке, инабаттылыққа, мейірімділікке, алғырлыққа, шығармашылыққа, бәсекеге қабілетті, батыл болуларына баулу.
Әлемге әйгілі ойшыл, ғұлама ғалым, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз Әбу Насыр әл-Фараби «Адамға тән бір жақсы қасиет – өзін қоршаған әлемнің әсемдік сырларына үңілу, содан рухани нәр алу, өзінің нәзік сезімін образдар арқылы паш ете алу», – деген болатын.
Ал, бүгінгі жаһандану заманы шапшаң қимылды, бәсекеге қабілеттілікті, жан-жақты болуды талап етеді. Яғни, бір ғана бағытпен жүріп, оза шаба алмаймыз. Оның үстіне бүгінгі күнде технологияның дамыған заманында адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы, әңгімелесуі азайып бара жатыр, көбіне виртуалды түрде араласады. Мұның өзі рухани жұтаңдылыққа алып келеді. Бұл олқылықтың орнын толтыруда рухани байлығымызды, салт-дәстүрлерімізді үнемі жаңғырта отырып, жан-жақты білімді болуға ұмтылу.
Сол орайда, университетімізде жастарға жалпы бағыт-бағдар беруде қөркемөнерпаздар үйірмелері (ұлттық аспаптар ансамблі, театр үйірмесі, хорография, вокал т.б.) студенттік ұйымдар, спорт секциялары жұмыс жасайды.
Жоғарыда айтылған ойларымызды қорыта келе, біздің де мәдени-рухани өсу бағытында атқарылып жатқан істеріміздің өз қосары бар.
Театр сахнасында қойылған «Поэзия парағынан» поэтикалық қойылымына қатысып, өз өнерлерін ортаға салған өнерпаздарымыздың еңбегі айрықша. Қойылымға жалпы алғанда барлық мектептің білім алушылары қатысты.
Атап айтқанда: Фармация мектебінен Егізбаева Қымбат, Кахраманова Әсел, Қойшыбаева Анель, Ниетжан Бекарыс, Орымбек Лаура, Шамуратова Гулбану, Искакова Данагул, Педиатрия мектебінен Темиралиқызы Диана, Бекен Балауса, Жалпы медицина мектебінен Русланқызы Данэль, Бейсен Аяжан, Мырзалы Рахымжан, Стоматология мектебінен Серик Нариманходжа, Кулназаров Калбек. Мәдібек Біржан қатысты. Қойылым соңында Корпоративтік даму жөніндегі проректор У.М.Датхаев, мәдени-шығармашылық жобаларды іске асыру тобының жетекшісі С.А.Апсаттарова, қойылымның режиссері Гүлдана Әлиханқызы және арнайы келген қонағымыз ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Ақжарқын-Сәрсенбек Оразәлі ағамыз өнерпаздарымызға жылы лебіздерін білдірді. Қойылым көрермендердің жүрегіне жол тауып, ойларынан шыға білді. Жастар қойылымның қатты ұнап, жақсы әсер қалдырғандарын айтып, өз ойларын білдіріп жатты. Қойылымнан кейін қызығушылық танытқандар студенттік театрдың үйірмесіне жазылу ұсыныстарын білдірді. Мұның өзі жастардың өнерге деген қызығушылығын арттырып, ой сала білгені.
Алдағы уақытта да, әлі талай қойылымдар көрермендерге жол тартатын болады. Өнерпаз жастарымызға әрқашан да қатарларының алды болуларына игі тілегімізді білдіре келе, шығармашылық табыс, сәттілік тілейміз.
Мәдени-шығармашылық жобаларды іске асыру тобының жетекшісі С.Апсаттарова