ҚазҰМУ-да Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған негізгі міндеттер талқыланды
Бүгін С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің басшылығы мен профессор-оқытушылар құрамы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттері» атты жыл сайынғы Жолдауын тікелей эфирден тыңдады. Жолдау аяқталғаннан кейін университетте Президент көтерген негізгі мәселелер мен алға қойған міндеттер кеңінен талқыланды.
Жиында отандық ғылымды дамыту, цифрлық технологияларды енгізу және педагогтердің мәртебесін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар бұл бағыттардың жоғары медициналық білім беру жүйесінің одан әрі дамуы үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Талқылау барысында Президент ұсынған денсаулық сақтау инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту бастамаларына кеңінен тоқталды. Жаңа медициналық нысандар салу, ұлттық балалар орталықтарын ашу сияқты маңызды жобалар заманауи ғимараттар тұрғызумен ғана шектелмей, медицинаға озық технологияларды енгізуді де қажет етеді. Осыған байланысты университет басшылығы жасанды интеллектіні білім беру бағдарламаларына, ғылыми зерттеулер мен клиникалық диагностикаға енгізудің маңызын атап өтті. Бүгінде жасанды интеллект дәрігердің жұмысын жеңілдетіп, медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік беретін маңызды құралға айналып келеді. ҚазҰМУ осы бағыттағы ғылыми ізденістерді дамытып, жаңа цифрлық шешімдерді медицина тәжірибесіне енгізуде жетекші жоғары оқу орындарының бірі болуға дайын екенін білдірді.
Жолдауда педагогтерді, ғалымдар мен ғылыми қызметкерлерді қолдау мәселесіне де айрықша мән берілді. Бұл бастамалар университет ұжымы үшін ерекше маңызды. Жиында атап өтілгендей, медициналық жоғары оқу орындарының оқытушыларына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Олар болашақ дәрігерлерді даярлаумен қатар, күнделікті дәрігерлік қызметінде адам өмірін сақтауға атсалысып, жинақтаған тәжірибесін жас мамандарға үйретеді. Сондықтан жоғары білім мен ғылым саласына көрсетілетін жүйелі мемлекеттік қолдау білікті мамандар даярлауға, талантты жастарды ғылымға тартуға және еліміздегі ғылыми мектептерді дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Талқылауды қорытындылаған университеттің бірінші проректоры Диляра Кайдарова Мемлекет басшысы жариялаған жаңа денсаулық сақтау нысандарын білікті кадрлармен қамтамасыз ету және олардың жұмысына ғылыми-әдістемелік қолдау көрсету ҚазҰМУ үшін маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті. Осы бағытта университет педиатрлар, балалар хирургтері, неонатологтар, акушер-гинекологтар мен заманауи медициналық жабдықтарда жұмыс істей алатын білікті дәрігерлер мен зерттеушілерді даярлау жұмысын күшейтеді.
Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған бастамалар білім мен ғылым саласының алдағы жұмыс бағыттарын айқындап берді. Қазіргі уақытта ҚазҰМУ ұжымы Президент тапсырмаларын жүзеге асыруға арналған нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуде. Онда медициналық білім беру сапасын арттыру, ғылыми зерттеулерді дамыту және денсаулық сақтау жүйесін білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселелеріне басымдық беріледі.













