ҚазҰМУ-да Стоматология мектебінің түлектеріне диплом табысталды
Бүгін С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Стоматология мектебін тәмамдаған 181 бакалаврға салтанатты түрде диплом табысталды.
Университеттің бірінші проректоры Диляра Қайдарова өз құттықтау сөзінде былай деді:
— Ақ халат — тазалықтың, адалдық пен кәсібиліктің белгісі. Сол биік атаққа лайық болыңыздар. Науқастарға жанашыр болыңыздар, қоғамға адал қызмет етіңіздер. Тек кәсіби шеберлікпен шектелмей, болашақ дәрігерлерге бағыт-бағдар беріп, жинақтаған тәжірибелеріңізді бөлісуді де ұмытпаңыздар.Сіздерді осы маңызды белеспен құттықтаймын.
Биыл төрт түлек қызыл диплом иегері атанса, жетеуі «Үздік түлек – 2025» атағына ие болды. Тағы 13 студентке «медицина қызметінің запастағы лейтенанты» әскери шені берілді. Түлектер қатарында Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Иордания, Түркия, Мысыр және Сирия елдерінен келген 30 шетелдік азамат бар.
Стоматология мектебі ашылғалы бері еліміздің денсаулық сақтау мен білім саласына өлшеусіз үлес қосқан 9 мыңнан астам білікті маман даярланды. Олардың ішінде ғылым кандидаттары мен докторлары, жоғары оқу орындарының ректорлары, табысты кәсіпкерлер мен жеке клиникалардың негізін қалаған кәсіби дәрігерлер бар.
Мектепте ірі ғылыми жобалар жүзеге асырылады, 25 шетелдік жоғары оқу орнымен академиялық ұтқырлық аясында серіктестік орнаған. Сондай-ақ 149 клиникалық база тәжірибеден өтуге арналған.
Білім алушылардың игілігіне берілген симуляциялық орталық — еліміздегі медицина университеттері арасында теңдесі жоқ кешен. Мұнда заманауи цифрлық құрылғылармен жабдықталған: Medit I500 және Т710 сканерлері арқылы протездерді модельдеуге болады, ал 3D принтерлер мен фрезерлік қондырғылар санаулы минуттарда имплант жасауға мүмкіндік береді.
Стоматология мектебінің студенттері қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде білім алады.