ҚазҰМУ-да Фармация мектебінің 52 бакалаврына диплом табысталды
Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Фармация мектебінің 52 түлегіне дипломдар табысталды. Бұл олардың білім жолындағы кезеңінің аяқталып, кәсіби өмірге қадам басар сәті.
Биылғы түлектердің елуі Қазақстан азаматтары, ал екеуі шетелдік студенттер. Үш түлек үздік дипломмен марапатталды, бес түлек «Үздік түлек 2025» атағына ие болды. Бұл көрсеткіштер олардың білім мен біліктілікке деген ынтасының нәтижесі.
«Бүгін ҚазҰМУ қабырғасынан фармация саласындағы жаңа буын мамандар үлкен өмірге жолдама алып отыр. Олар заманауи, жауапты және үлкен сынақтарға дайын жас мамандар. Сіздер адам денсаулығы мен өміріне тікелей әсер ететін кәсіпті таңдадыңыздар. Әрқайсысыңыз университетіміздің игі дәстүрін лайықты жалғастыратынына сенімдіміз», – деді ҚазҰМУ проректоры Жанна Калматаева.
Фармация мектебі еліміздегі жетекші білім беру орталықтарының бірі. Бүгінге дейін бұл мектеп 8 мыңнан астам білікті маман дайындап шығарған. Олардың көпшілігі Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де – ТМД елдері, Еуропа, Азия, АҚШ пен Канадада қызмет етіп жүр.
Білім беру бағдарламалары үнемі жаңартылып, фармацевтика саласындағы халықаралық талаптарға сай жетілдіріледі. Студенттерге теориямен қатар практикалық дағдылар да беріледі. Университеттің Ресей, Өзбекстан және Украинадағы жоғары оқу орындарымен әріптестігі студенттерге кәсіби тәжірибе алмасуға және шетелдік мамандармен байланыс орнатуға мүмкіндік береді.