ҚазҰМУ-да халықаралық факультет түлектеріне диплом табысталды
Бүгін С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде халықаралық факультеттің 953 түлегіне салтанатты түрде диплом табысталды. Олар енді медицина саласындағы кәсіби жолдарын бастауға дайын.
Халықаралық факультетті тәмамдаған түлектер – түрлі елдердің денсаулық сақтау жүйесінде еңбек ететін болашақ дәрігерлер. Биылғы 953 түлектің 51-і – Қазақстан азаматы, ал 902-сі Үндістан, Пәкістан, Түркия, Сирия, Египет, Ресей, Қытай, АҚШ, Палестина, Ирак және Америкалық Самоа елдерінен келген. Олар енді тек білім алып шыққан студент емес, адам өміріне жауапты маманға айналды.
Бүгінде дүниежүзінде білікті дәрігерлерге сұраныс артып отыр. Қазақстанда да бұл мәселе өзекті. Осы тұрғыдан алғанда, ҚазҰМУ түлектерінің кәсіби дайындығы жоғары бағаланады. Университет қабырғасында алған білім мен тәжірибе оларға кез келген елде сұранысқа ие маман болуға мүмкіндік береді.
Биылғы түлектердің жетістіктері:
- 5 студент қызыл дипломмен марапатталды
- 3 түлек «Үздік түлек – 2025» атағын иеленді
- 11 түлек «Халықаралық факультеттің үздік түлегі – 2025» номинациясына ие болды
- 8 түлекке «Медицина қызметінің запастағы лейтенанты» әскери атағы берілді
Университет ұжымы барлық түлектерді шын жүректен құттықтап, ақ халатты абыроймен алып жүріп, халық игілігіне қалтқысыз қызмет етулеріне сенім білдіреді. Сіздердің білімдеріңіз бен кәсіби біліктіліктеріңіз – адам өміріне араша болатын маңызды миссияға қызмет етеді. Еңбектеріңіз адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталсын!