ҚазҰМУ-да Халықаралық «Қарттар күні» және Ұстаздар мерекесі бірге аталынып өтті
2017 жылдың 7 қазан күні С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша Халықаралық «Қарттар күні» және Ұстаздар мерекесі үлкен ауқымда аталынып өтті. Мерекелік басқосу «Ұстазыма» ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталды.Бұл күні университетімізде талай жыл ұстаздық қызмет атқарған ардагер зейнеткерлерге, университет оқытушыларына Университет әкімшілігі және ҚазҰМУ жергілікті жұмысшылар кәсіподағы, деканаттар, кафедралар, студенттердің қолдауымен ерекше сый – құрмет көрсетіледі. Орыс тілі және латын тілі курсымен кәсіби орыс тілі кафедрасының меңгерушісі А.Т.Бақтыбаева және кафедра оқытушысы З.Қ.Кокенова студенттерді ұйымдастырып, мерекелік іс-шараға арнайы келген ардагер оқытушыларға мереке барысында жан-жақты қолдау көрсетті. Университетіміздің қалыптасқан дәстүрлерінің бірі үлкендерге сый-құрмет көрсету болып табылады. Мерекелік іс-шараның салтанатты бөлімінде Университет ректоры Т.С.Нурғожин ардагерлерді, профессорлық-оқытушылар құрамын кәсіби мерекемен құттықтады. Студенттер атынан жолданған құттықтау сөз «Ұстазыма» әнімен жалғасын тауып, ардагерлерге гүл шоқтары табысталды. Мереке барысында 90 жасқа толу мерейтойына байланысты «Акушер және гинекология» кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының докторы, Н.Н.Мезиноваға Университеттің «Алтын медалі», Қоғамдық марапаттар мен атақтар жөніндегі Республикалық кеңестің шешімімен «Білім беру саласының үздігі» құрметті атағы Университеттің «Құрметті профессоры» «Микробиология, вирусология және иммунология» кафедрасының меңгерушісі А.Л.Котоваға және «Жедел жәрдем медициналық көмек көрсету» кафедрасының меңгерушісі Қ.М. Турлановқа тапсырылды. Университет факультеттерінің ұсынуымен Алматы қалалық кәсіподағы және ҚазҰМУ жергілікті жұмысшылар кәсіподағы атынан бірқатар оқытушылар грамоталар және сыйлықтармен марапатталды. Салтанатты жиын Б.Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор каппеласы солистерінің мерекелік концертімен жалғасты. Концерттен соң ардагер оқытушыларға университет асханасында ҚазҰМУ жергілікті жұмысшылар кәсіподағының ұйымдастыруымен түскі ас мәзірі ұсынылып, сыйлықтар табысталды. Бұл жерде де студенттер өз өнерлерімен ардагерлерді тағы да тәнт етті. Мереке соңында ардагер-оқытушылар ұйымдастырушыларға бар рахметін айтып, ризашылықтарын білдіріп жатты. Ардагерлер осындай мерекелерді асыға күтетіндіктерін де жасыра алмады. Үлкенге құрмет көрсету халқымыздың асыл қазынасының бір бөлігі ретінде жас ұрпақпен әрі қарай жалғасын табатынына сеніміміз мол.
Студенттермен жұмыс жөніндегі басқарма,
ҚазҰМУ жергілікті жұмысшылар кәсіподағы