ҚазҰМУ-да «Шымбұлақ тау-шаңғы курортына саяхатқа дайындық және қауіпсіздік шаралары туралы» тақырыбында профилактикалық кездесу өтті
С.Ж.Асфендияров атындағы Ұлттық медицина университеті базасында 17 ақпан күні «Шымбұлақ тау-шаңғы курортына саяхатқа дайындық және қауіпсіздік шаралары туралы» тақырыбында профилактикалық кездесу өтті.
Кездесудің спикері — Shymbulak Outdoor резиденті, Алматы қаласы мен облысы бойынша кәсіби гид, сондай-ақ Қазақстандағы WFTGA (Дүниежүзілік гидтер федерациясы) ұлттық жаттықтырушысы Медет Төлеу.
Іс-шара барысында қатысушыларға Shymbulak тау-шаңғы курортына сапарды дұрыс жоспарлау, қауіпсіздік талаптарын сақтау, таулы аймақта өзін-өзі ұстау мәдениеті, ауа райы жағдайларын ескеру, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу жолдары туралы жан-жақты ақпарат ұсынылды. Сонымен қатар, тауға шыққанда өзіңізбен бірге алып жүру қажет негізгі заттар — жылы әрі ыңғайлы киім, арнайы аяқ киім, қорғаныс құралдары, су мен алғашқы медициналық көмек қобдишасы секілді қажетті жабдықтар жөнінде практикалық кеңестер берілді.
Кездесу интерактивті форматта ұйымдастырылып, студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, кәсіби маманнан нақты жауаптар алды.
Мұндай профилактикалық іс-шаралар жастардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, қысқы туризмге саналы әрі жауапкершілікпен қарауын арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.










