ҚазҰМУ-да Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевпен кездесу өтті
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевпен ауқымды кездесу өтті. Шараға университет ұжымы, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Кездесудің басты тақырыбы — Ұлттық құрылтайда айтылған негізгі бағыттар болды. Әсіресе денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту, білім сапасын арттыру және еліміздің ғылыми әлеуетін нығайту мәселелері кеңінен талқыланды. Мәлік Отарбаев өз сөзінде: «Әрбір медициналық оқу орын, әрбір ұстаз бен студент — мемлекеттік күн тәртібін жүзеге асырудағы маңызды буын. Болашақтың іргетасы дәл осы университеттерде қаланады», — деп атап өтті.
Кездесу барысында ҚазҰМУ ректоры, профессор Марат Шоранов университетті одан әрі дамыту жоспарымен бөлісті. Ғылыми-зерттеу базасын нығайту, халықаралық серіктестікті кеңейту, білім беру үдерісіне инновациялық технологияларды енгізу және студенттер мен оқытушылар үшін қолайлы академиялық орта құру – университеттің басты басымдықтары екенін айтты. Сонымен қатар, ректор мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыруға университеттің белсенді атсалысуға дайын екенін жеткізді.
Инновациялық тәсілдерді енгізу, медицинаны цифрландыру және адами капиталды дамыту мәселелері кездесуге қатысушылар тарапынан ерекше қызығушылық тудырды — бұл салалар бәсекеге қабілетті денсаулық сақтау және білім беру жүйесін қалыптастырудың негізі.
Кездесу қатысушылары академиялық қауымдастыққа көрсетілген шынайы көңіл мен билік пен жоғары оқу орындары арасында орнаған ашық диалог үшін алғыстарын білдірді. Іс-шара еркін әрі ашық форматта өтті.
ҚазҰМУ ұлттық басымдықтарды жүзеге асыру жолында ғылым, білім және тәжірибені біріктіре отырып, әрбір қазақстандықтың денсаулығы мен игілігі үшін сенімді серіктес болып қала бермек.