ҚазҰМУ-да Қазақстандағы қант диабетінің ауыртпалығын азайту жолдары талқыланды
13 қараша күні ҚазҰМУ-да Дүниежүзілік диабетпен күрес күніне арналған халықаралық конференция өтті.
Іс-шараны ҚазҰМУ-дың эндокринология кафедрасы, Қазақстанның диабетті зерттеу қоғамы, Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы және «Орталық Азия диабетологтар форумы» қоғамдық қоры ұйымдастырды.
Конференцияда ерте диагностика, профилактика, алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейіндегі қызмет сапасы, сондай-ақ ересек жастағы науқастардың белсенді ұзақ өмір сүруін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Халықаралық диабет федерациясының деректеріне сәйкес, бүгінде әлемде 20–79 жас аралығындағы 589 млн ересек адам қант диабетімен өмір сүреді, ал 2050 жылға қарай олардың саны 853 млн адамға дейін өсуі мүмкін. 2024 жылы диабет 3,4 млн өлім жағдайына себеп болып, денсаулық сақтау жүйелеріне кемінде 1 трлн доллар шығын келтірген. ДДСҰ-ның Еуропалық аймағында кем дегенде 64 млн ересек және шамамен 300 мың бала мен жасөспірім диабет диагнозымен тіркелген.
Осы жаһандық үрдістен Қазақстан да тыс емес: сарапшылардың бағалауы бойынша, елімізде шамамен 550 мың ересек адам қант диабетімен ауырады, әрі анықталмаған жағдайлардың үлесі әлі де жоғары деңгейде қалып отыр.
– Бұл кеш жүгіну мен ауыр асқынулардың жоғары қаупін білдіреді. Біздің міндетіміз – назарды ерте диагностикаға, профилактикаға және бастапқы буындағы көмек сапасына аудару, – деп атап өтті ҚазҰМУ-дың бірінші проректоры Диляра Қайдарова.
Скринингтен белсенді ұзақ өмір сүруге дейін
Конференцияға қатысушылар қант диабеті бар науқастарды жүргізудің бүкіл тізбегін қауіп топтарын скринингтен өткізуден бастап, ұзақ мерзімді бақылау мен асқынулардың алдын алуға дейін қалай күшейту қажеттігін талқылады.
Пленарлық отырыста мынадай негізгі басымдықтар атап өтілді:
-
скринингті күшейту және әлі диагноз қойылмаған пациенттерді белсенді анықтау;
-
АМСК деңгейінде пациент маршрутын стандарттау – науқастың уақтылы тиісті маманға жолдануы және клиникалық нұсқаулықтарға сай ем алуы;
-
қауіп факторларын басқару: гликемия мен HbA1c деңгейін, артериялық қысымды, липидтік профильді бақылау, темекіден бас тарту және дене салмағын төмендету;
-
кеш асқынуларға жүйелі скрининг жүргізу: диабеттік табан, ретинопатия, нефропатия, жүрек-қантамыр оқиғалары;
-
пациенттердің регистрлерін және жағдайды жүйе деңгейінде дәлірек бақылауға мүмкіндік беретін цифрлық мониторинг құралдарын дамыту.
– Жүрек-қантамыр қаупі жоғары пациенттер үшін кардио- және нефропротекторлық әсері дәлелденген заманауи терапияға қолжетімділікті қамтамасыз ету аса маңызды. Ал жүйе үшін – ведомствоаралық өзара іс-қимылды жолға қою, дәрігерлерді оқыту және пациенттердің емге бейілділігін арттыру қажет, – деп атап өтті конференция ұйымдастырушылары.
Ғаламдық күн тәртібіндегі қазақстандық деректер
Конференцияның ғылыми бағдарламасына созылмалы жұқпалы емес ауруларға қарсы күрестің жаһандық күн тәртібіне сәйкес келетін қазақстандық зерттеулердің нәтижелері енгізілді.
Баяндамаларда, атап айтқанда, келесі мәселелерге назар аударылды:
-
2 типті қант диабетінің ағымына белсенді ұзақ өмір сүру бағдарламаларының әсері;
-
төменгі аяқ-қол ампутацияларының жоғары жиілігінің себептері және оны азайтуға бағытталған ықтимал стратегиялар;
-
сау қазақ популяциясында метаболикалық қауіп маркері ретінде триглицерид/ЖЖЛ (ЛПВП) қатынасының диагностикалық құндылығы;
-
алғашқы буындағы диспансерлік бақылау мен терапия сапасы.
Конференция қорытындылары бойынша клиникалар, жоғары оқу орындары және өңірлік денсаулық сақтау қызметтері пайдалана алатын практикалық ұсынымдар мен сапа индикаторларының жиынтығын әзірлеу жоспарланып отыр.
Қазақстандық эндокринологтардың ұстазы: 95 жастағы Михаил Ефимович Зельцер әлі де белсенді қызмет етіп жүр
Конференция бағдарламасының маңызды бөлігі еліміздегі ең тәжірибелі дәрігерлердің бірі – медицина ғылымдарының докторы, профессор Михаил Ефимович Зельцерді ұлықтауға арналды. Оны Қазақстандағы эндокринология мен диабетологияның негізін қалаушы, республикадағы эндокринологтардың көпшілігінің ұстазы деп атауы тегін емес.
Дәл оның көпжылдық еңбегі мен ондаған ғылым кандидаттары мен докторларын тәрбиелеген мектебінің арқасында Қазақстанда эндокринологиялық қызмет қалыптасып, қант диабетін емдеудің заманауи тәсілдері енгізілді.
Михаил Ефимович бүгін, 95 жасында да күрделі пациенттерді қабылдап, жас дәрігерлерге кеңес беруді жалғастыруда және өзінің жеке үлгісімен – мамандыққа адалдық пен науқас алдындағы жауапкершіліктің жасқа қарамайтынын көрсетіп келеді.
ҚазҰМУ-да өткен халықаралық конференция клиницистер, зерттеушілер, денсаулық сақтауды ұйымдастырушылар және кәсіби қауымдастық өкілдері үшін пікір алмасудың бірлескен алаңына айналды. Сарапшылардың айтуынша, профилактика мен білім беру бағдарламаларынан бастап стандартталған маршруттар мен регистрлерге дейінгі жүйелі шешімдерсіз диабет пен оның асқынуларының өсу үрдісін өзгерту мүмкін емес.
– Халықаралық әріптестеріміз және отандық жетекші мамандармен тәжірибе алмасу көрсетілетін көмектің сабақтастығын күшейтуге, профилактиканың тиімділігін арттыруға және, ең бастысы, азаматтарымыздың денсаулығы мен белсенді ұзақ өмір сүруін сақтауға көмектеседі деп сенеміз, – деді Азия диабетті зерттеу қауымдастығының сарапшысы Жанай Ақанов.
Қатысушылардың пікірінше, мұндай кездесулер ғылыми және клиникалық тәсілдерді әлемдік стандарттармен салыстырып қана қоймай, Қазақстанда қант диабетімен өмір сүретін жүздеген мың адам үшін өмірді ұзартуға және оның сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін шешімдерді жедел енгізуге жол ашады.

























