ҚазҰМУ-дың бірінші курсына 2 391 студент қабылданды
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Білім күніне және жаңа 2026–2027 оқу жылының басталуына арналған салтанатты жиын өтті. Университет алаңына оқытушылар, шақырылған қонақтар мен бірінші курс студенттері жиналды. Бұл күн жас білім алушылар үшін еліміздің ең көне медициналық жоғары оқу орнындағы кәсіби жолының бастауына айналды.
Бірінші курс студенттерін ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов құттықтады. Ол талапкерлердің жоғары бәсекеден сүрінбей өтіп, университет қауымдастығына қосылғанын атап өтті. Ректор биылғы оқу жылы ел тарихындағы маңызды оқиғалармен, жаңа Конституцияның қабылдануы және Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауымен тұспа-тұс келгеніне тоқталды. Сондай-ақ қазіргі медицинаның жаңа технологиялармен бірге қарқынды дамып келе жатқанын айтып, болашақ мамандар үшін жасанды интеллект мүмкіндіктерін меңгеріп, оны кәсіби қызметте сауатты қолданудың маңызын атап өтті.
– 96 жылдық тарихы бар еліміздің жетекші медицина университетінің студенті атану сіздер үшін үлкен жетістік, ал отбасыларыңыз үшін зор мақтаныш. Бұл адам өмірі мен денсаулығын сақтауға арналған ізгі, абыройлы әрі жауапты мамандыққа бастайтын алғашқы маңызды қадам Әрқайсыңызды өз күштеріңізге сенуге, білімге ұмтылуға және алға нық қадам басуға шақырамын, – деді Марат Шоранов.
Биыл ҚазҰМУ бакалавриатының бірінші курсына 2 391 студент қабылданды. Оның 537-сі мемлекеттік білім беру гранты бойынша білім алады. Тағы 1 854 студент ақылы негізде, оның ішінде жергілікті атқарушы органдар бөлген нысаналы орындар бойынша оқуға түсті.
Бірінші курс студенттерінің басым бөлігі дәстүрлі түрде «Медицина» білім беру бағдарламасын таңдады. Бұл бағытқа 755 студент қабылданды. «Педиатрия» бағдарламасына 397 студент, «Мейіргер ісі» бойынша қысқартылған бағдарламаға 395 студент түсті. «Стоматология» мамандығын 334 талапкер таңдады.
«Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» бағдарламасы бойынша 198 студент білім алады. «Фармация» мамандығының қысқартылған бағдарламасына 128 студент қабылданды.
Сонымен қатар «Медициналық-профилактикалық іс» бағытына 65 студент, «Фармация» мамандығына 50 студент, «Медициналық-зертханалық диагностика» бойынша қысқартылған бағдарламаға 30 студент түсті. «Клиникалық психология» мамандығын 17 студент, «Мейіргер ісін» 11 студент, «Қоғамдық денсаулық» бағытын 9 студент және «Менеджмент» мамандығын 2 студент таңдады.
Салтанатты жиында медицина ғылымдарының докторы, профессор Асхан Смаилов студенттерге ақ жол тілеп, жаңа буынға өз тілегін білдірді. Сондай-ақ «Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты» АҚ Басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаев бірінші курс студенттерін жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, жылы лебізін жеткізді.
























































