ҚазҰМУ-дың Студенттік Үкіметі «Үздік іскерлік іс-шара» номинациясымен марапатталды
Алматы қаласы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы және Әл-Фараби атындағы «Сұңқар» студенттердің, магистранттар кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, 2016 жылдың қараша айынан бастап Алматы қаласының 38 ЖОО-ның басын қосқан тәрбиелік-танымдық, мәдени, спорттық іс-шаралар жобасы жұмысын бастап кеткен болатын. «Almaty Youth Awards 2016» жобасының әртүрлі тақырыптары бойынша университеттерде мерекелік іс-шаралар өткізілді.
Сонымен қатар ЖОО-дағы Студенттік ұйымдардың жұмысты дұрыс ұйымдастыра білу қабілеттері де осы жобада байқалған болатын. Студент жастардың екі айға созылған жобаға қатысуын қорытындылайтын күні де келіп жетті. Осы жобаға С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың Студенттік ұйымдары да ерекше атсалысқан еді. 2016 жылдың 17 қарашасы күні Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға қарасты Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында «Almaty Youth Awards 2016» жобасының марапаттау кеші өтті.
Бұл жобаның мақсаты: Алматы қаласы ЖОО-ның өзін-өзі басқару ұйымдарының жұмыстарын қорытындылап, ең үздік студенттік ұйымдарды анықтау болатын. Марапаттау кешіне ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі А.Нүкенов, Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Е. Бейсенбаев, Алматы қаласы ЖОО-ның проректорлары, үкіметтік емес ұйымдар және де студенттер қатысты. Екі айға созылған «Almaty Youth Awards 2016» жобасының жұмысын қорытындылау іс-шарасында С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Студенттік Үкіметі «Үздік іскерлік іс-шара» номинациясымен марапатталды.
Марапаттау кеші халықаралық студенттер күніне орай ҚР эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концертпен жалғасты.