ҚазҰМУ-дың Фармация мектебінің 762 түлегі диплом алды
Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Фармация мектебінің түлектеріне салтанатты түрде диплом табыстау рәсімі өтті. 2025 жылы «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» білім беру бағдарламасын 762 бакалавр сәтті аяқтады. Олардың 760-ы – Қазақстан Республикасының азаматтары, ал екеуі шетелдік студенттер. Төрт түлек үздік диплом иегері атанса, жеті түлекке «Үздік түлек 2025» құрметті номинациясы табысталды.
«Фармацевт мамандығы – ғылым мен адамдарға деген күнделікті жанашырлықты тоғыстырған ерекше кәсіп. Бұл дәрі-дәрмек саласының білгірі ғана емес, мейірімділік пен сапалы өмірдің жолсерігі», – деді өз құттықтауында ҚазҰМУ проректоры Диляра Қайдарова.
1951 жылдан бастау алатын Фармация мектебі – ҚазҰМУ-дың өркендеу жолында өзіндік қолтаңбасы бар, тамыры терең факультет. Осы уақыт аралығында бұл факультет мыңдаған білікті маман дайындап шығарды. Олар дәріхана ісі мен фармацевтикалық өндірісте, ғылыми зерттеулер мен мемлекеттік қызметте табысты еңбек етіп жүр. Студенттер халықаралық байқауларда жүлделі орын алып, зерттеу жобаларына қатысады, шетелдік тағылымдамалардан өтеді. Мектеп әлемдік фармация мектептерімен серіктестікті нығайтып, тәжірибеге негізделген білім беруге басымдық беруді жалғастыруда.