ҚазҰМУ мен ҚБТУ жасанды интеллект пен цифрландыру саласында ынтымақтастық орнатты
4 желтоқсанда Алматыдағы Қазақ-Британ техникалық университетінде ҚазҰМУ мен ҚБТУ цифрландыру және жасанды интеллект бағытында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Құжат екі жоғары оқу орнының медицина, биотехнология және цифрлық денсаулық сақтау салаларындағы жаңа технологияларды бірге дамытуға ниетті екенін айқындайды.
Тараптар білім беру, ғылыми зерттеу және инновациялық жобаларды бірлесе жүргізуге келісім жасады. Негізгі назар жасанды интеллектті диагноз қою, емдеу, оңалту үдерістерінде және медициналық көмекті ұйымдастыруда тиімді пайдалана алатын практикалық шешімдер әзірлеуге бағытталады. Сонымен қатар, бағдарламалау, медициналық деректерді өңдеу және қолданбалы зерттеу салаларында маман даярлау маңызды бағыт ретінде қарастырылды.
Келісім бойынша ҚазҰМУ серіктестеріне компьютерлік сыныптарды, зертханалық инфрақұрылымды және клиникалық базаны қолдану мүмкіндігін береді. ҚБТУ өз тарапынан университет командаларына ІТ-инфрақұрылымды қолдау, жасанды интеллектке негізделген бағдарламалық өнімдерді әзірлеу, сондай-ақ жобаларға әдістемелік және техникалық сүйемелдеу көрсетеді.
Құжатта ҚазҰМУ студенттері мен жас зерттеушілерінің хакатондар мен стартап-жобаларға қатысуын қолдау мәселесі жеке бөліммен енгізілген. Командаларға менторлардың кеңесі, жасанды интеллект жобалардың архитектурасын құру, прототиптерді сынақтан өткізу және енгізу кезеңдерінде көмек қарастырылған. Бұл жас мамандардың идеяларын тезірек іске асыруға және олардың жобалардың сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Келісім денсаулық сақтау саласында жасанды интеллект экожүйесін қалыптастыруға жасалған маңызды қадам саналады. Бірлескен бастамалар клиникалық зерттеулерге жаңа мүмкіндік ашып, студенттер мен жас ғалымдар үшін заманауи білім беру бағыттарын қалыптастыруға және Қазақстанның цифрлық медицинадағы әлеуетін күшейтуге ықпал етеді.













































